
Білім күніне орай Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров №33 жалпы білім беретін мектепке барып, жаңа оқу жылының басталуына арналған салтанатты жиынға қатысты.
Облыстың бас полицейі ұстаздар мен оқушыларды жаңа оқу жылымен құттықтап, балалар қауіпсіздігіне қатысты маңызды мәселелерге тоқталды.
– “Заң мен тәртіп мектептен басталады. Әлімжеттік пен буллингке жол бермеу, нашақорлық пен лудоманияның алдын алу – баршамызға ортақ міндет. Сондай-ақ әрбір оқушы жол қозғалысы ережелерін сақтап, өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауы қажет. Осы бағытта мектептерде Заң және тәртіп сабақтары енгізіліп, балалардың құқықтық сауатын арттыруға ерекше көңіл бөлінетін болады, – деді Арыстанғани Заппаров.
Полиция басшысы салтанатты жиыннан кейін мектептегі қауіпсіздік жүйелерін тексерді. Атап айтқанда, “SOS” дабыл түймесінің жұмысын қарап, бейнебақылау камераларының жағдайына назар аударды.
Бұдан соң Арыстанғани Заппаров мектеп табалдырығын алғаш аттаған бірінші сынып оқушыларымен кездесіп, оларды Білім күнімен құттықтады. Бүлдіршіндерге полиция тақырыбындағы бояу кітапшалары мен ойыншық полиция көліктерін сыйға тартты.
Полиция департаментінің бастығы оқушылармен кездесу соңында мектептің “Тілектер дәптеріне” ізгі ниетін жазып, оқушыларға білім жолында сәттілік пен биік жетістіктер тіледі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-turkistan/press/news/details/1284484?lang=ru

Жауап қалдыру