
1 қыркүйек – Білім күні өңір полицейлері балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, жас өрендерге ерекше көңіл-күй сыйлады.
Жаңа оқу жылының алғашқы күнінде білім беру ұйымдары маңындағы қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Мектептерге жақын аумақтарда патрульдік жасақтар кезекшілік атқарып, білім беру ұйымдарына полиция қызметкерлері жұмылдырылды. Олар оқушыларға құқықтық ағарту сабақтарын өткізіп, жол қауіпсіздігі мен заң талаптарын түсіндірді. Сонымен қатар балаларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, ата-ана мен ұстаздардың үмітін ақтауға, тәртіпті сақтап, заңға құрметпен қарауға шақырды.
Бұл күні қызметтік борышын атқару кезінде қаза болған полицейлер білім алған мектептер мен батыр тәртіп сақшыларының есімдері берілген жас сақшы сыныптарына, сондай-ақ ерлікпен қаза тапқан полицейлердің балаларына ерекше назар аударылды.
Мысалы, Білім күні Ақтөбе облысы полиция департаментінің бастығы Қайыркен Әлиев бастаған полицейлер қызметтік борышын атқару кезінде ерлікпен қаза болған полиция қызметкері Руслан Жолдыбаев білім алған Ақтөбе қаласындағы №13 орта мектепке барды. Мұнда батыр полицейдің аты берілген жас сақшы сыныбының оқушыларымен кездесіп, оларды жаңа оқу жылымен құттықтады. Балаларға естелік сыйлықтар табыстап, білім жолында биік белестерді бағындыруға тілектестік білдірді.
Полицейлер сондай-ақ қызметтік борышын атқару кезінде қаза болған қазақстандық полицей Тимур Наурызбаевтың алғаш рет мектеп табалдырығын аттаған ұлы Хан Тимурұлының білім әлеміне жасаған алғашқы қадамына сәттілік тіледі. Осы мақсатта тәртіп сақшылары «Смарт Білім» мектеп-гимназиясына арнайы барып, бірінші сынып оқушыларын құттықтады.
Бүлдіршіндерге сыйлықтар мен жол қозғалысы ережелері қамтылған бояу-кітапшалар табысталды. Балалардың қуанышы мен алғашқы мектеп әсеріне ортақтасқан полицейлер оларға қауіпсіз жол, жақсы баға және жарқын жетістіктер тіледі.
Білім ордаларына сапар барысында полиция генерал-майоры Қайыркен Әлиев мектептердегі қауіпсіздік жүйесімен танысып, білім алушылар мен олардың ата-аналарына жаңа оқу жылында толағай табыс, жаңа жетістіктер және ізгі үміттердің ақталуын тіледі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-aktobe/press/news/details/1284560?lang=ru

Жауап қалдыру