
Ақмола облысында биылғы жылдың алғашқы шақырылымы аясында жас сарбаздарды әскери қызметке шығарып салу рәсімі өтті.
Осыған орай әскери комиссариатта салтанатты жиын ұйымдастырылып, оған Ақмола облысының жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Оспанов Марат Нұрымұлы қатысты.
Жиын барысында жас сарбаздарға әскери қызметтің маңызы мен Отан алдындағы жауапкершілік туралы айтылып, оларға сәттілік пен ақ жол тілектері білдірілді. Шақырылушылар үшін шағын концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.
Жас сарбаздар Шығыс Қазақстан облысына, оның ішінде Күршім ауданына аттанып, шекаралық бөлімшелерде әскери қызмет өткереді.
Бұған дейін облыстық шақыру комиссиясының отырысында алғашқы шақырылымға қатысқан азаматтардың әскери қызметке дайындығы жан-жақты қаралған болатын. Комиссия мүшелері шақырылушылармен жеке әңгімелесіп, олардың денсаулық жағдайын, жеке және отбасылық жағдайларын, білім деңгейі мен алдағы жоспарларын анықтады. Сондай-ақ әскери қызметті өз еркімен өтеуге дайындығы, оларға қандай да бір қысым көрсетілмегені және әскери қызмет өткеруге кедергі келтіретін денсаулық мәселелерінің жоқтығы талқыланды.
Жас сарбаздарға әскери қызметтен кейін жоғары оқу орындарында білімін жалғастыруға мүмкіндік беретін сертификаттарды алу мүмкіндігі туралы да ақпарат берілді.
Әскери қызметке аттанған жас сарбаздарды ата-аналары мен жақындары ақ тілектері мен жүрекжарды баталарын айтып шығарып салды. Жастар туған-туыстарымен қоштасып, естелікке суретке түсіп, жаңа өмір кезеңіне қадам басты.
Жас сарбаздарға мықты денсаулық, табыс және әскери қызметте сәттілік тілейміз! Отан алдындағы қасиетті борыштарын абыроймен атқарып, ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз үлестерін қоссын. Аман-есен туған жерге оралсын!

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/umptgo-aqmolaregion/press/news/details/1284873?lang=ru

Жауап қалдыру