
Қызылорда бөлімшелік көліктегі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы 2026 жылға арналған негізгі ұйымдастыру іс-шаралары жоспарына сәйкес, 2026 жылғы 31 тамызда «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ «Қызылорда магистральдық желі бөлімшесі» филиалының «Қызылорда жол дистанциясы» ПЧ-57, Шиелі станциясы жұмысшылары арасында «Туберкулез ауруының алдын алу» тақырыбында ақпараттық-түсіндіру семинарын өткізді. Семинар барысында туберкулездің жұқпалы ауру екендігі, оның көбінесе өкпені зақымдайтыны, сондай-ақ басқа да ағзаларға әсер етуі мүмкін екендігі түсіндірілді. Қатысушыларға туберкулездің негізгі таралу жолдары туралы ақпарат берілді. Ауру адам жөтелген, түшкірген немесе сөйлескен кезде ауаға бөлінетін микобактериялар арқылы жұқтыру қаупі бар. Сондай-ақ аурудың дамуына иммунитеттің төмендеуі, дұрыс тамақтанбау, күйзеліс, темекі шегу, алкогольді тұтыну және басқа да факторлар әсер етуі мүмкін. Туберкулездің негізгі белгілеріне екі аптадан астам уақытқа созылған жөтел, дене қызуының ұзақ уақыт бойы 37–37,5°С шамасында болуы, түнгі тершеңдік, тәбеттің төмендеуі, салмақ жоғалту, жалпы әлсіздік, тез шаршау, кеуде қуысының ауыруы және қан түкіру жатады. Семинар барысында туберкулездің алдын алудың негізгі шараларына да ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, медициналық тексерулерден уақтылы өту, дәрігердің ұсынымдарына сәйкес кеуде қуысына рентгенологиялық тексеру жүргізу, балаларды БЦЖ вакцинациясымен қамту, дұрыс әрі құнарлы тамақтану, дене шынықтыру және спортпен шұғылдану, еңбек пен демалыс режимін сақтау, зиянды әдеттерден бас тарту және жеке бас гигиенасы ережелерін сақтау қажеттігі атап өтілді. Іс-шараның негізгі мақсаты – туберкулез ауруының алдын алу, оның таралу жолдары мен алғашқы белгілері туралы халықтың хабардарлығын арттыру және салауатты өмір салтын қалыптастыру.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-na-transporte/press/news/details/1284977?lang=ru

Жауап қалдыру