ШҚО әкімі Глубокое ауданының тұрғындарымен кездесті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Глубокое ауданындағы Таулы Үлбі ауылында аудан тұрғындарымен кездесті. Кездесудің басты тақырыптары – көлік инфрақұрылымын жаңғырту, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, туризм әлеуетін арттыру және алдағы жылыту маусымына дайындық барысы болды.

Жеті айдың қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облысы негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамиканы сақтап отыр. Халықтың жан басына шаққандағы ақшалай табысы 15%-ға жуық өсіп, 283 мың теңгені, орташа айлық жалақы 9%-ға артып, 444,7 мың теңгені құрады. Жыл басынан бері 11 мың жұмыс орны ашылды, оның 8 мыңнан астамы – тұрақты жұмыс орындары.

Глубокое ауданының 2026-2030 жылдарға арналған даму жоспары бекітілді. Оны іске асыру жаңа жұмыс орындарын ашуға, инфрақұрылымды дамытуға, инвестиция тартуға және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталуы тиіс.

Ауданның өз кірістерін ұлғайту – негізгі мәселелердің бірі. 1 тамыздағы жағдай бойынша бюджетке 3,2 млрд теңге түскен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 27,6%-ға аз. Осыған байланысты салық базасын кеңейту, кәсіпкерлікті дамыту және жаңа өндірістерді тарту қажет.

Өнеркәсіп аудан экономикасының негізгі тірегі болып қала береді. Қазіргі уақытта жалпы құны 33,5 млрд теңгені құрайтын үш инвестициялық жоба жүзеге асырылып келеді. Олар кен орындарын игеруді және жаңа жұмыс орындарын ашуды көздейді. Сонымен қатар шикізатты қайта өңдеу деңгейін арттырып, ірі кәсіпорындардың сатып алуларындағы жергілікті бизнестің үлесін ұлғайту маңызды.

Өнеркәсіпке қажетті кадрларды даярлауға да ерекше назар аудару қажет. Кәсіпорындармен бірлесіп, болашақтағы мамандарға деген қажеттілікті анықтап, сұранысқа ие кәсіптер бойынша кадр даярлауды қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берілді.

Ауыл шаруашылығында жеті айда 16,6 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Аудан облыстағы өсімдік шаруашылығы өнімдерінің көлемі бойынша бірінші орында тұр. Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін айналымға белсенді енгізу, жемшөп базасын нығайту және «өндіріс – өңдеу – өткізу» тізбегін дамыту маңызды.

Глубокое ауданы тау, экологиялық, отбасылық және спорттық туризмді дамыту үшін жоғары әлеуетке ие. Таулы Үлбі және Быструха ауылдарында туристік инфрақұрылымды және тау шаңғысы курортын дамытуға бағытталған жобалар жүзеге асырылып жатыр. Нұрымбет Сақтағанов инвестициялық жобаларды сүйемелдеуді қамтамасыз етіп, туристік қызмет көрсету сапасын арттыру міндетін қойды.

Ауданда жол инфрақұрылымын жөндеу жұмыстары жалғасуда. Биыл тоғыз елді мекендегі автокөлік жолдарын ағымдағы жөндеуге және төрт көпірді жөндеуге қаражат қарастырылған. Жыл соңына дейін «Өскемен – Риддер – РФ шекарасы» жолының екі учаскесіндегі жөндеу жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр.

Бобровка ауылында ұзындығы шамамен 45 шақырым болатын су құбыры желілері қайта жаңғыртылып жатыр. Алдағы уақытта Ушаново, Жоғарғы Березовка және Алтай елді мекендеріндегі сумен жабдықтау жүйелерін де жаңарту жоспарланған.

Алдағы жылыту маусымына дайындық аясында «Теплоэнергия» КМК қазандығындағы жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Аймақ басшысы ауданның қазандықтары мен жылу желілерін жылыту маусымы басталғанға дейін толық дайындыққа келтіруді тапсырды.

Глубокое ауданында көпбалалы отбасылар мен халықтың әлеуметтік осал санаттарына арналған 36 пәтерлі 18 бірқабатты тұрғын үй салынуда. Құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтап, тұрғын үй құрылысының көлемін одан әрі арттыру бойынша шаралар қабылдау тапсырылды.

Ауданның 36 елді мекенінің 34-і интернетпен қамтылған. Мало-Убинка мен Ново-Михайловканы интернетке қосуды жеделдетіп, негізгі елді мекендер мен көлік бағыттарын тұрақты байланыспен қамтамасыз ету міндеті қойылды.

Білім саласында ауданға жетіспейтін 28 педагогтің 24-і жұмысқа тартылды. Кадр тапшылығын толық жою бойынша жұмысты жалғастыру қажет. ШҚО әкімі 2-3 жас аралығындағы балалар үшін балабақшаларда қосымша орындар ашудың маңыздылығын атап өтті.

Аудандық аурухана ғимаратын күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда. Аурулардың алдын алу және оларды ерте анықтау жұмыстарын күшейту тапсырылды. Бұл ретте онкологиялық аурулар деңгейінің өсуіне де ерекше назар аудару қажет.

Белоусовка ауылында 150 орындық Мәдениет үйінің құрылысы жалғасуда. Қазіргі уақытта нысанның дайындық деңгейі – 85%. Нұрымбет Сақтағанов құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталуы тиістігін атап өтті.

«Кездесу барысында тұрғындар көтерген барлық мәселе нақты жауап пен шешімін табуы тиіс. Жауапты басшылар осы тапсырмалардың орындалуын қамтамасыз етіп, нәтижесіне бақылау жасауы міндетті», – деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі.

Жол инфрақұрылымы – Глубокое ауданының дамуындағы негізгі факторлардың бірі. Әсіресе, аумақтың туристік әлеуетін ескерсек, оның маңызы айрықша.

Ауданның жол желісінің жалпы ұзындығы – 446 шақырым. Былтыр Быструха ауылындағы жергілікті маңызы бар жолдардың үш шақырымға жуығы жөнделді. 

Биыл Бобровка ауылындағы жол инфрақұрылымын реконструкциялау жұмыстары жалғасып жатыр. Ұзындығы 7 шақырым болатын учаскенің 5 шақырымына асфальт-бетон төселді. 9 елді мекендегі жолдарды ағымдағы жөндеуге 119,3 млн теңге қарастырылған. Опытное поле, Перевальное және Прогресс ауылдарындағы 4 көпірді жөндеуге 86 млн теңгеден астам қаржы бөлінді.

Өскемен – Риддер – РФ шекарасы жолының бойында 75 шақырым жол жөнделіп жатыр. Бұл жұмыстарға 3,7 млрд теңге қарастырылған. Екі учаскедегі жөндеу жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

(Мәтін мен фотосуреттерді пайдаланғанда ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1285046?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді