
Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов “Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Қанат Шарлапаев бастаған делегациямен жүздесті. Қос тарап іскерлік климатты жақсарту, кәсіпкерлікті қолдау және аймақтағы инвестициялық белсенділікті одан әрі арттыру мәселелерін талқылады.
Кездесуді облыс әкімі ашып, “Атамекен” палатасымен ынтымақтастықтың өңір үшін маңызы зор екенін атап өтті. Бұл кәсіпкерлермен тікелей диалог арқылы жүйелі сипаттағы кедергілерді дер кезінде анықтап, кәсіп жүргізу жағдайына нақты әсер ете алатын шешімдер шығаруға мүмкіндік береді.
Болат Ақшолақов негізгі көрсеткіштерге тоқталды. Бүгінде Атырау облысында шамамен 57,5 мың кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. 2026 жылғы қаңтар–шілдеде негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 890,7 млрд теңгені құрады. Жыл аяғына дейін жалпы құны шамамен 735,5 млрд теңгені құрайтын 28 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Өңірде жалпы құны 8,5 трлн теңгеден асатын және 12 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын ашуды көздейтін 108 инвестициялық жобаны қамтитын пул қалыптастырылған.
— Облыс экономикасының алдағы өсімін ірі инвестициялық жобалардың есебінен ғана емес, отандық кәсіпкерлікті, соның ішінде шағын және орта бизнесті дамыту арқылы қамтамасыз етуіміз тиіс. Біздің міндетіміз — жергілікті кәсіпкерлердің ірі жобаларды іске асыруға белсенді қатысуына, олардың өнімдер мен қызметтерді жеткізушіге айналуына, өндірісін дамытуына және жаңа жұмыс орындарын ашуына мүмкіндік беретін жағдай жасау, — деді Болат Ақшолақов.
Әкім өңірдің өнеркәсіптік және инвестициялық инфрақұрылымының дамуы жайында да айтып өтті. Облыста аумағы 450 гектарлық “Атырау” арнайы экономикалық аймағы және 18 өндірістік ғимараты бар 22 гектарлық шағын өнеркәсіптік аймақ құрылған.
Облыс әкімі өңір экономикасын әртараптандырудың перспективалы бағыттарына да жекелей тоқталды. Олардың қатарында мұнай-химия және көмірсутектерді терең өңдеу, машина жасау, құрылыс материалдарын шығару, энергетика, шикізатты қайта өңдеу және агроөнеркәсіп кешені, оның ішінде мал шаруашылығын дамыту мен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бар.
— Облысқа қосылған құны жоғары өнімдердің үлесін арттыру және жаңа өндірістік тізбектерді дамыту өте маңызды. Қолданыстағы кәсіпорындардың әлеуетін белсенді пайдаланып, сатып алуда локализацияны кеңейтуіміз, ірі компаниялар мен шағын және орта бизнес арасындағы кооперацияны дамытуымыз, сондай-ақ жергілікті өндірушілердің жаңа нарықтарға шығуына жағдай жасауымыз қажет, — деп атап өтті Болат Ақшолақов.
Кездесуге қатысушылар Атырау облысында басқа өңірлер мен шетел инвесторларының басын қосатын кәсіпкерлер форумын өткізу жайында да әңгіме қозғады. Оның мақсаты — аймақтың инвестициялық әлеуетін таныстыру және жаңа серіктестер тарту.
Қос тарап кездесу соңында бизнестегі жүйелі мәселелерді шешу, жаңа инвестициялар тарту және Атырау облысының орнықты дамуына қолайлы жағдай қалыптастыру бағытында бірге жұмыстануды жалғастыруға уәделесті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1285157?lang=ru

Жауап қалдыру