
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жаңғыртылған Ембі қаласындағы Жем теміржол вокзалының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев Президент тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан теміржол вокзалдарын жаңғырту жұмыстарының маңыздылығын атап өтті.
«Жем теміржол вокзалы – өңірдің маңызды көлік нысаны әрі жолаушылар инфрақұрылымының негізгі буындарының бірі. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстанда теміржол вокзалдарын реконструкциялау және жаңғырту жөніндегі ауқымды бағдарлама жүзеге асырылуда. Бұл миллиондаған жолаушылар үшін заманауи, жайлы әрі қауіпсіз жағдай жасауға мүмкіндік береді», – деді Асылбек Есенбаев.
Жем теміржол вокзалы 1905 жылы салынған. Қайта құру барысында вокзалдың бір қабатты ғимараты толық жаңартылып, оның жалпы ауданы 387,5 шаршы метрден 421,2 шаршы метрге дейін ұлғайтылды.
Құрылыс-монтаж жұмыстары кезінде шатыр жаңартылып, ғимараттың қасбеті мен ішкі үй-жайларына әрлеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, кәріз, сумен, жылумен және электрмен жабдықтау инженерлік желілері мен басқа да инфрақұрылым элементтері жаңғыртылды.
Перрон қайта жаңартылып, іргелес аумақ абаттандырылды. Жолаушыларға қолайлы жағдай жасау үшін жаңа жиһаздар мен қажетті жабдықтар орнатылды.
Жаңарған вокзалдың ашылуына Ембі қаласының тұрғындары да ерекше ықылас білдірді.
«Вокзалымыз күрделі жөндеуден өтіп, жаңарған келбетте қайта ашылып отыр. 1905 жылы салынғаннан бері мұндай ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілмеген. Бұл – ең алдымен халықтың қолайлы жағдайы үшін жасалып отырған игі іс. Жаңарған вокзалдың ашылуы баршамызға құтты болсын! Вокзал әрдайым халықты жақсы қарсы алып, жолаушыларды ақ жолға шығарып салатын берекелі орын болсын деп тілеймін», – деді Ембі қаласының тұрғыны Нағашыбай Аленов.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-sayasat/press/news/details/1285260?lang=ru

Жауап қалдыру