Атырауда жас сақшылардың қатары артты

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Атырауда жасөспірімдерге патриоттық тәрбие беру, олардың құқық қорғау саласына қызығушылығын арттыру және полиция қызметкерлерінің ерлік жолын дәріптеу бағытындағы «Жас сақшы» полиция сыныптарының қатары артты.
Бүгін қаладағы Д. Қонаев атындағы Binom School мектеп-лицейі, Әл-Фараби атындағы Binom School мектеп-лицейі және Jayik Binom School мектеп-лицейінде қызметтік міндетін атқару кезінде ерлікпен қаза тапқан полиция аға сержанты Шалқар Ақымғалиевтің, милиция майоры Асқар Бисекеновтің және полиция кіші сержанты Нұрберген Өтемісовтің есімдері берілген полиция сыныптары ашылды.
«Жас сақшы» сыныптарының ашылу салтанатына Атырау облысы полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Оңал Бекеев, департамент басшы құрамы, қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан полицейлердің аналары мен жұбайлары, ішкі істер органдарының ардагерлері, білім беру саласының өкілдері, полиция қызметкерлері, ұстаздар мен оқушылар қатысты.
Салтанатты шара барысында ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында қаза тапқан полиция қызметкерлерінің өмір жолы мен ерлігі кеңінен таныстырылды. Қатысушылар олардың Отанға деген адалдығы, антына беріктігі және азаматтардың тыныштығын қорғау жолындағы жанқиярлық еңбегі жас ұрпаққа әрдайым үлгі болатынын атап өтті.
Атырау облысы полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Оңал Бекеев өз сөзінде жастарға сапалы білім берумен қатар, олардың бойында отансүйгіштік, жауапкершілік, тәртіп пен заңға құрмет сезімін қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды.
– Бүгінгі жасөспірімдер – ертеңгі ел тірегі. Сондықтан сіздердің бойыңызға тәртіпті, жауапкершілікті, Отанға деген сүйіспеншілікті сіңіру біз үшін маңызды іс. «Жас сақшы» полиция сыныптары оқушыларға осы құндылықтарды қалыптастырып, полиция қызметінің ерекшелігін танып, болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға мүмкіндік береді. Ерлікпен қаза болған әріптестеріміздің есімін иеленгендіктен сіздер үшін олардың өмірі мен қызметін үлгі етуге ықпал етеді деп сенім білдіремін, – деді Оңал Бекеев.
«Жас сақшы» полиция сыныптарының басты мақсаты – оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру, жасөспірімдердің бойында патриоттық құндылықтарды қалыптастыру, қоғамдық тәртіп пен заңды құрметтеуге тәрбиелеу.
Бұл сынып оқушыларына арнайы бағдарлама негізінде саптық дайындық, алғашқы медициналық көмек, құқықтық сауаттылық, әскери-патриоттық тәрбие және басқа да бағыттар бойынша білім алады. Сонымен қатар түрлі танымдық, спорттық және тәрбиелік іс-шараларға қатысады.
«Жас сақшы» қозғалысы оқушыларға болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға да мүмкіндік береді. Полиция қызметінің қыр-сырын ерте жастан таныған жасөспірімдер құқық қорғау саласының жауапкершілігі жоғары әрі қоғам үшін маңызды мамандық екенін тереңірек түсінеді.
Бүгінде Атырау облысында «Жас сақшы» кадет сыныптарының саны 14-ке жетті. Айта кету керек бұған дейін қала аумағында -2 (Береке орта мектеп пен “Сармат” әскери мектеп-лицейінде), облыс аумағында – 9 (Мақат ауданында – 2, Жылыой ауданында – 2 кадет сыныбы болса, Индер, Исатай, Қызылқоға, Құрманғазы және Махамбет аудандарының әрқайсысында бір-бірден) «Жас сақшы» сыныбы бар.
Сондай-ақ, жаңадан ашылған сыныптарды қоса есептегенде, бүгінде 225 оқушы «Жас сақшы» қозғалысының мүшесі атанып отыр.
Шара соңында оқушыларға куәліктер табысталып, жас сақшылар салтанатты түрде ант қабылдады.
«Жас сақшы» полиция сыныптарының ашылуы – жас ұрпаққа полиция қызметкерлерінің ерлік жолын танытып қана қоймай, олардың бойында елге қызмет ету, заңды құрметтеу және қоғам алдындағы жауапкершілікті сезіну сияқты маңызды қасиеттерді қалыптастыруға бағытталған бастама.
Осылайша, Атырауда жас сақшылардың қатары тағы да толықты. Бүгінгі кадеттер – ел қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті сақтауға үлес қосатын саналы ұрпақтың алғашқы буыны.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-atyrau/press/news/details/1285291?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді