ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНЫП, НАҚТЫ МІНДЕТТЕР БЕЛГІЛЕНДІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНЫП, НАҚТЫ МІНДЕТТЕР БЕЛГІЛЕНДІ
 
Жетісай ауданында әлеуметтік-экономикалық бағыттағы жұмыстарды саралап, күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің шешімін пысықтау мақсатында аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың төрағалығымен кезекті аппарат мәжілісі өтті.
 
Жиында алдымен аудан аумағындағы иесіз және қаңғыбас ит-мысықтарды аулау, оларды жою бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың жай-күйі қаралды. Аталған мәселе бойынша аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Берік Мамбетов баяндама жасап, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде ақпарат берді.
 
Сонан соң аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Мырзабек Абишев ауданда бой көтеріп жатқан нысандардың қазіргі жағдайымен таныстырып, құрылыс жұмыстарының қарқынына, өзекті мәселелері мен оларды шешу жолдарына тоқталды.
 
Аппарат мәжілісінде ауылдық аумақтардың экономикалық әлеуетін арттыру мәселесіне де ерекше мән берілді. Аудан әкімінің орынбасарлары «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылатын жобалар бойынша атқарылатын жұмыстарды баяндап, қала, кент және ауылдық округтерде өндірістік парктер құру жөніндегі жоспарларымен бөлісті. Бұл бастамалардың негізгі мақсаты – жергілікті кәсіпкерлікті дамытуға жағдай жасап, жаңа өндіріс орындарын ашуға мүмкіндік қалыптастыру.
 
Сонымен бірге, «Таза Қазақстан» бағдарламасының аудандағы орындалу барысы сараланып, елді мекендердің санитарлық тазалығын сақтау, абаттандыру жұмыстарын жүйелеу бағыттары сөз болды. Тұрғын үй кезегіндегі азаматтарға қатысты жүргізіліп жатқан түгендеу жұмыстарының нәтижелері айтылды.
 
Қаржы тәртібі бойынша аудан бюджетінің кіріс бөлігінің қалыптасуы мен шығыс қаражатының игерілу деңгейі қаралып, жоспарланған көрсеткіштердің орындалуына қатысты тиісті мәліметтер ұсынылды.
 
Мәжіліс соңында аудан әкімі Серік Үсенұлы қаралған мәселелердің әрқайсысы бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеп, халықтың қауіпсіздігіне, құрылыс нысандарының сапасына, мемлекеттік бағдарламалардың тиімді жүзеге асуына, тазалық пен абаттандыруға және бюджет қаражатының мақсатты игерілуіне жауапкершілікпен қарауды тапсырды.
 
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-zhetisai/press/news/details/1285336?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді