
Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақовтың төрағалығымен әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық комиссияның отырысы өтті.
Онда еңбек заңнамасының сақталуы, ұжымдық шарттарды жасасу, еңбек қауіпсіздігі, сондай-ақ жазасын өтеп жатқан азаматтарды әлеуметтік бейімдеу мен жұмысқа орналастыру мәселелері талқыланды.
Еңбек инспекциясының 1 308 кәсіпорында жүргізген мониторингі нәтижесінде 3 062 еңбек шартының тіркелмегені анықталған, ал 6 310 ұйым 34 022 жұмыскердің зейнетақы жарнасын уақытында аудармаған. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Игілік Әубәкіров мәлімдеді. Ол сондай-ақ жалақы берешегіне де тоқталды: департамент жұмыскерлердің ұжымдық өтініші бойынша “Марко» ЖШС, «Супер Марко» ЖШС және «Марко Бейкери» ЖШС-ін жоспардан тыс тексеріп, нәтижесінде 122 жұмыскердің алдында 43,9 млн теңгеден астам берешек бары анықталған. 2 қыркүйектегі жағдай бойынша 91 жұмыскерге 19,3 млн теңгеден астам берешек ішінара өтелген, ал 84 жұмыскердің алдындағы қалдық шамамен 24,5 млн теңгені құрайды. Компания өкілдерінің айтуынша, қалған қарызды мүлікті сату есебінен айдың аяғына дейін өтеу жоспарланған.
Атырау облысы Кәсіподақтар орталығының төрағасы Әлібек Семғалиевтің мәліметінше, 2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша өңірде жұмыс істеп тұрған 11 974 заңды тұлға тіркелген, жұмыссыздық деңгейі —4,9%. Ұжымдық шарт 650 кәсіпорында бар, бұл тек өңірдегі кәсіпорынның 12%-ы ғана. Бұдан бөлек, зейнеткерлікке шыққан 91 педагогке өтемақы төлеу туралы шешім әлі күнге дейін орындалмай келген.
Комиссия отырысына қатысушылар жазасын өтеп жатқан азаматтарды әлеуметтік бейімдеу және жұмысқа орналастыру мәселесін де талқыға салды. Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы Берік Бакулиннің мәліметінше, өңірдегі үш мекемеде 1 209 адам бар, олардың 15-інің орта білім туралы аттестаты бар, ал 110-ы колледж аяқтаған. Еңбекке қабілетті 919 азаматтың 555-і немесе 60,4%-ы ақылы еңбекпен қамтылған, ал былтыр бұл көрсеткіш бар болғаны 32,2%-ды немесе 286 адамды құраған еді. Бір жылда сотталғандардың жұмыспен қамтылу деңгейі екі есеге жуық өскен. Мекемелердің аумағында 21 жеке кәсіпкер және «Еңбек-Батыс» РМК-ның екі учаскесі жұмыс істейді.
— №15 мекемеде ауданы 1 760 шаршы метрлік екі өндірістік ангар пайдалануға берілді, онда алты кәсіпкер және 200-ге жуық сотталған адам жұмыс істейді. №79 әйелдер колониясында тағы екі ангар салынып жатыр, олар пайдалануға берілгеннен кейін 100-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп отырмыз. 2026 жылдың басынан бері ҚАЖ мекемелерінен 185 адам босатылды, олардың 25-і тұрақты жұмысқа орналасып үлгерді, – деді Б. Бакулин.
Оның айтуынша, өндіріс алаңдары толық жүктелуі үшін жергілікті кәсіпкерлерді белсендірек тартып, ҚАЖ мекемелері базасында тауарлар мен қызметтер өндіруге тапсырыстар орналастыру қажет.
Атырау облысы Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Данияр Орынбасаров барлық бос өндірістік орын Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментімен үш жылдық шарт негізінде кәсіпкерлерге берілгенін және тағы да ауданы 400 шаршы метрлік екі мобильді ғимаратқа бизнесті тарту туралы келіссөздер жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Болат Ақшолақов отырысты қорытындылай келе, еңбек құқықтарының сақталуы, жұмыскерлердің қауіпсіздігі және жұмыспен қамтамасыз ету өңірдегі әлеуметтік тұрақтылыққа тікелей әсер ететінін атап өтіп, бірқатар тапсырма берді.
— Еңбек инспекциясы департаментіне еңбек заңнамасының, еңбекті қорғау талаптарының сақталуын және өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алуды мемлекеттік бақылауды жалғастыруды, анықталған жалақы берешегінің толық өтелуін қамтамасыз етуді және мердігерлер мен қосалқы мердігер ұйымдарды қамти отырып, ұжымдық шарттар жасасу жұмысын күшейтуді жүктеймін. Ал Білім басқармасын зейнеткерлікке шыққан педагогтерге Еңбек кодексіне сәйкес біржолғы өтемақылардың төленуін қамтамасыз етуге міндеттеймін. Қалалық және аудандық комиссияларға жалақы берешегіне жол бермеу үшін жұмысты жандандыруды және проблемалы кәсіпорындар бойынша дер кезінде әрекет етуді тапсырамын, — деді Болат Ақшолақов.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1285471?lang=ru

Жауап қалдыру