
Сарыағаш ауданында «1 қыркүйек – Білім күніне» орай барлық білім беру ұйымдарында алғашқы қоңырау салтанаты жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Жаңа оқу жылы – ұстаздар мен ата-аналар үшін үлкен жауапкершілікке бастар кезең болса, оқушылар үшін жаңа білім, жаңа ізденіс пен жаңа мүмкіндіктердің бастауы. Осыған орай аудан мектептерінде мерекелік іс-шаралар өткізіліп, білім алушыларға ақжолтай тілектер айтылды.
Салтанатты жиындардың бірі Сарыағаш қаласындағы №80 жалпы білім беретін келешек мектебінде өтті. Іс-шараға Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев қатысып, мектеп ұжымын, оқушыларды және ата-аналарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады. Аудан әкімі өз сөзінде білім беру саласының елдің әлеуметтік-экономикалық және рухани дамуындағы маңызына тоқталып, сапалы білім мен саналы тәрбиенің негізі мектеп қабырғасында қаланатынын атап өтті.
— Білімді ұрпақ – елдің жарқын болашағының кепілі. Бүгінде жас ұрпақтың сапалы білім алуына, жан-жақты дамуына және өз қабілетін толық жүзеге асыруына барлық қажетті жағдайды жасау – басты міндеттеріміздің бірі. Бұл бағытта ұстаздардың еңбегі өлшеусіз. Сіздерге шәкірт тәрбиесіндегі жауапты әрі абыройлы қызметтеріңізге табыс тілеймін. Ал оқушыларға жаңа оқу жылында мол ізденіс, биік белестер мен толағай жетістіктер тілеймін, – деді Арман Абдуллаев.
Мерекелік іс-шараға аудандық полиция басқармасының басшысы Досжан Нұсқабеков және білім бөлімінің басшысы Айсұлу Қалдықараева да қатысты.
Салтанатты жиын барысында мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндерге ерекше құрмет көрсетіліп, алғашқы ұстаздары мен ата-аналарына жылы лебіздер білдірілді. Оқушылар тарапынан ән мен жырдан шашу шашылып, мерекелік концерттік бағдарлама ұсынылды.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-saryagash/press/news/details/1285535?lang=ru

Жауап қалдыру