
Сарыағаш ауданында тұрғындарды сапалы ауыз сумен тұрақты қамтамасыз ету және елді мекендердің инженерлік инфрақұрылымын жаңғырту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Бүгінде Ақжар және Дербісек ауылдық округтерінде ауыз сумен қамту деңгейін арттыруға бағытталған бірқатар инфрақұрылымдық жобалар іске асырылуда.
Аудан әкімі Арман Абдуллаев Ақжар елді мекеніне жұмыс сапары барысында ауыз су нысанындағы құрылыс жұмыстарының барысын зерделеді. Нысандағы жұмыстардың қазіргі жағдайы қаралып, құрылыс қарқыны мен орындалу сапасына назар аударылды.
Аудан басшысы мердігер ұйым өкілдеріне құрылыс жұмыстарын жандандырып, белгіленген талаптарды сақтай отырып, нысанды сапалы әрі уақытылы аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне құрылыс барысына бақылауды күшейтіп, жұмыстардың орындалу сапасын тұрақты қадағалау жөнінде міндет жүктеді.
Жоба аясында су қоймасының аумағын қоршау, диаметрі 110 және 160 миллиметрлік ауыз су желілерін тарту, сондай-ақ су құдықшаларын орнату жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда елді мекен аумағына жалпы ұзындығы шамамен 73 шақырым ауыз су құбыры тартылып, 250 су құдықшасы орнатылған. Құрылыс-монтаж жұмыстарының орындалу деңгейі шамамен 65 пайызды құрайды. Жобаның мердігері – «САҚ-ҚҰРЫЛЫС» ЖШС.
Жұмыс сапары барысында аудан әкімі Дербісек елді мекеніндегі жер асты су ұңғымасынан су қоймасына дейінгі құбыр тарту нысанына да барды. Нысандағы құрылыс жұмыстарының барысын қарап, жергілікті тұрғындармен және мердігер ұйым өкілдерімен пікір алмасты.
Жобаға сәйкес ұзындығы 2,1 шақырым болатын ауыз су құбыры тартылуда. Автомобиль жолдарының астынан инженерлік желілерді өткізу кезінде көлденең бағытта бұрғылау әдісі қолданылған. Сонымен қатар сыйымдылығы 160 текше метр болатын темір-бетонды су қоймасын салу үшін қазаншұңқыр қазылып, бетондау жұмыстары жүргізілген. Нысан бойынша топырақпен көму жұмыстары да атқарылуда. Аталған жобаның мердігер ұйымы – «ADA Qurylys» ЖШС. Тапсырыс беруші – Сарыағаш ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-saryagash/press/news/details/1285542?lang=ru

Жауап қалдыру