
Сарыағаш ауданында өндірісті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу, кәсіпкерлік нысандары арқылы инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.
Осы ретте, Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Дарбаза ауылдық округіндегі индустриалдық аймаққа барып, мұнда жүзеге асырылып жатқан өндірістік жобалардың барысымен танысты. Жауапты сала мамандарына кәсіпкерлерге қажетті инфрақұрылымдық қолдау көрсетіп, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Қазіргі таңда аймақта «Альбарака 077» ЖШС өсімдік майын өндіру бағытында жұмыс істеп, жергілікті шикізатты өңдеу арқылы ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуге өз үлесін қосуда. Сонымен қатар жеке кәсіпкерлердің қаражаты есебінен тағы 3 өндірістік нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның екеуі өсімдік майын өндіруге, біреуі қыш өнімдерін шығаруға бағытталған.
Айта кетсек, «Сарыағаш өңірлік индустриалдық аймағында» алдағы уақытта да жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарланып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар ауданның өндірістік әлеуетін арттырып, тұрғындардың жұмыспен қамтылуына оң әсер етеді. Аталған жобалардың іске қосылуы аудан экономикасын әртараптандыруға, өндіріс көлемін арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-saryagash/press/news/details/1285571?lang=ru

Жауап қалдыру