Ақтөбеде пенитенциарлық жүйе мәселелері қаралды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының тапсырмаларын орындау шеңберінде сотталғандарды еңбекпен қамтуға бизнестің қатысуын кеңейту бағытында облыста жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Осы жұмыстардың нақты нәтижесі ретінде, облыс прокуратурасының үйлестіруімен, Ақтөбе облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті мен өңірдегі ірі құс фабрикаларының бірі – «RAMAZAN QUS» ЖШС арасында келісімге қол жеткізілді.

Келісімге сәйкес, облыстық ҚАЖД-ға қарасты №9 мекемеде (ең төменгі қауіпсіздік мекемесі) жазасын өтеп жатқан 50 сотталған адам фабрика аумағында тұрақты тұру мүмкіндігімен еңбекке орналастырылды.

Кәсіпорын пайдаланылмай тұрған ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізіп, оны жатақхана ретінде қайта жабдықтады. Мұнда жатын бөлмелер, ас үй, кір жуатын орын, душ бөлмелері және басқа да қажетті жағдайлар қарастырылған.

2026 жылғы 2 қыркүйекте құс фабрикасындағы осы тұрғын үй-жайды ашу рәсіміне ҚР Бас прокуратурасының Заңды күшіне енген үкімдердің заңдылығын және олардың орындалуын қадағалау қызметінің бастығы Мұрат Ахметов және Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасының бірінші орынбасары Нияз Рыспаев қатысты.

Аталған нысанның ашылуы – тек жаңа тұрғын үй-жайдың іске қосылуы ғана емес, сотталғандардың еңбекке араласуына, әлеуметтік бейімделуіне және қоғамға қайта қосылуына бағытталған нақты қадам.

Сол күні Ақтөбе облысының прокуратурасында облыстың заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмыстылықпен күресті қамтамасыз ету жөніндегі Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Отырыста Ақтөбе облысының қылмыстық атқару жүйесіндегі заңдылықтың жай-күйі, проблемалар мен шешу жолдары қаралды.

Кеңес отырысына Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Қызметінің бастығы Мұрат Ахметов, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың басшысының орынбасары Жарқынбек Бақашбаев және Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасының бірінші орынбасары Нияз Рыспаев қатысып, қаралған мәселелер бойынша өз пікірлерін білдіріп, тиісті бағыт-бағдар берді.

Отырыста Ақтөбе облысы прокурорының бірінші орынбасарының және Ақтөбе облыстық ҚАЖД-нің бастығының баяндамалары тыңдалып, жаза өтеу мекемелеріндегі жедел-режимдік ахуалдың жай-күйі, сондай-ақ пробация және әкімшілік қадағалау есебінде тұрған адамдарды әлеуметтендіру мәселелері қаралды.

Негізгі назар мекемелердегі режим мен қадағалауды тиісінше қамтамасыз етуге, құқық бұзушылықтардың алдын алуға, сотталғандар мен есепте тұрған адамдарды жұмыспен қамтуға, сондай-ақ олардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге аударылды.

Одан әрі, Ақтөбе облысының прокуроры Марат Әбішевтің тапсырмасымен қылмыстық-атқару жүйесінде анықталған кемшіліктер мен заң бұзушылықтарды жою мақсатында «Ақтөбе облысының қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі жедел-режимдік жағдайды және заңдылықтың жай-күйін жақсарту жөніндегі бірінші кезектегі іс-шаралар жоспары» әзірленіп, Кеңес қорытындысымен бекітілді.

Оларды орындау облыстық ҚАЖ департаментіне, Ақтөбе облысының полиция департаментіне, жергілікті атқарушы органдарға, сондай-ақ облыс прокуратурасына, қала және аудан прокурорларына жүктелді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/prokuratura-aktobe/press/news/details/1285618?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді