
МАЛДЫБАЙ АУЫЛЫНДА ЖАҢА МЕКТЕП ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ
Бүгін Ақыртөбе ауылдық округіне қарасты Малдыбай ауылында 120 балаға арналған заманауи білім ордасы оқушыларға есігін айқара ашты.
Жаңа оқу жылының алғашқы күніндегі салтанатты шараға Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемов арнайы қатысып, ұстаздар мен оқушыларды жаңа оқу жылымен құттықтап, мектеп ұжымына интерактивті тақта сыйға тартты.
Жиынға сондай-ақ аудан әкімі Ернар Есіркепов, білім саласының ардагерлері, түрлі кеңестердің төрағалары мен белсенді мүшелері қатысып, ауыл тұрғындарымен бірге жаңа мектептің қуанышын бөлісті.
Мектепте оқушылардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған. Білім ордасында заманауи оқу кабинеттерімен қатар, түрлі пәндік зертханалар, кең әрі жарық спорт залы, асхана, қыздар мен ұлдарға арналған шеберханалар және робототехника сыныптары қарастырылған. Сонымен қатар, әрбір сынып қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етіліп, білім алушылардың шығармашылық, спорттық және техникалық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік жасалған. Мектеп ғимараты қауіпсіздік талаптарына толық сай жабдықталып, бейнебақылау камераларымен қамтамасыз етілген.
Айта кетейік, бүгін аудан бойынша 13 мыңнан астам оқушы мектепке барды. Оның 1200-і мектеп табалдырығын алғаш рет аттап отыр.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-ryskulov/press/news/details/1285694?lang=ru

Жауап қалдыру