
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов Ақтөбе облысына жұмыс сапары барысында үлестік құрылыс саласындағы проблемалы нысандардың қазіргі жағдайымен танысып, олардың құрылысын аяқтау мәселелері бойынша кеңес өткізді. Кеңесте Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты сайлауалды бағдарламасы бойынша берілген тиісті тапсырмалардың орындалуына ерекше назар аударылды.
Сапар аясында жергілікті атқарушы органдар және жауапты ұйымдар өкілдерімен бірлесіп, үлестік құрылыс бойынша 11 нысандағы, оның ішінде: «Safina», «Kaspi», «Тұрғын үй 1», «Алаш Орда», «Бозжыра», «Exclusive», «Тұрғын үй 2», «СтройСервис Регион», «Жанғали» тұрғын үй кешендері және тағы басқа нысандардың қазіргі жағдайы, ондағы жұмыстардың кешеуілдеу себептері және құрылысты аяқтау мүмкіндіктері қарастырылды.
Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың және уәкілетті ұйым – «Ақтөбе құрылыс Компаниясы» ЖШС өкілдерінің қатысуымен кеңес өткізілді. Онда әрбір үй бойынша қалыптасқан жағдай егжей-тегжейлі талқыланды. Тұрғын үй кешендерінің қазіргі жағдайын ескере отырып, одан әрі атқарылатын іс-қимыл алгоритмдері әзірленді. Үлестік құрылысқа қатысушы азаматтардың құқықтарын қорғауға баса назар аударылды.
Кеңес қорытындысы бойынша Қуандық Қажкенов барлық мүдделі тараптардың жүйелі өзара іс-қимылын, қабылданған шешімдердің уақтылы орындалуын қамтамасыз ету және нысандардағы жұмыстардың барысын тұрақты бақылауда ұстау қажеттігін атап өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mps/press/news/details/1285709?lang=ru

Жауап қалдыру