
Шымкент станциясындағы көліктегі полиция басқармасының қызметкерлері «Саратов – Алматы» бағытындағы жолаушылар пойызында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету барысында өрескел құқық бұзушылықтың жолын кесті.
Пойыз қозғалысы кезінде полиция қызметкерлері вагон терезесінен теміржол жиегінде жүрген үш жасөспірімнің өтіп бара жатқан пойызға тас лақтырып жатқанын анықтады.
Полиция қызметкері шұғыл пойыз машинисімен байланысып, одан жылдамдықты төмендетуді сұрады. Жедел қабылданған шаралдардың нәтижесінде үш жасөспірім ұсталды.
Бұдан соң жасөспірімдер ата-аналарымен бірге Шымкент станциясындағы КПБ-ға жеткізілді. Кәмелетке толмағандар заңды өкілдерінің қатысуымен жасаған әрекеттерін мойындады.
Олармен теміржол көлігі нысандарындағы қауіпсіз мінез-құлық қағидаларын сақтау бойынша профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ал жасөспірімдердің ата-аналары балаларын тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Өтіп бара жатқан пойыздарға тас және өзге де заттарды лақтыру жолаушылар мен пойыз бригадалары қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығына, сондай-ақ теміржол көлігінің қауіпсіз қозғалысына елеулі қауіп төндіретінін ескертеміз.
Теміржол бойында ойнау және пойыздарға тас лақтыру жолаушылар мен балалардың өздері үшін өлім қаупін тудыратынын еске саламыз. Азаматтарды кәмелетке толмағандардың іс-әрекетін мұқият қадағалауға және оларды қауіпті аймақтарда қараусыз қалдырмауға шақырамыз.
Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-transport/press/news/details/1285807?lang=ru

Жауап қалдыру