
Қарағандылық Анатолий Федоровский мен Виталий Крадин Қазақстан құрамасының сапында церебралды сал ауруы бар спортшылар арасындағы футболдан әлем чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алды. Ұлттық құрама үшін бұл алғашқы әлемдік дода болды.

Спортшыларды жетістігімен Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының өкілдері құттықтады.

IFCPF Men’s World Championships 2026 әлем чемпионаты Англияның Лафборо қаласында өтті. Қазақстан құрамасы турнирді АҚШ және Италия құрамаларынан жеңіліспен бастады. Алайда команда жарыс барысында ойын өрнегін өзгерте алды. Үшінші орын үшін өткен кездесуде қазақстандықтар турнир қожайындары – «Лафборо» командасын 7:2 есебімен ойсырата жеңді.
Анатолий Федоровский футболмен мектеп қабырғасында, НОДА интернатында оқып жүрген кезінде айналыса бастаған. 2023 жылы оны және Қарағандының басқа да спортшыларын Алматыда өткен Қазақстан чемпионатына шақырған. Осылайша оның үлкен спорттағы жолы басталып, кейін ұлттық құрамаға дейін жалғасты. Әлем чемпионатында Анатолий сол жақ жартылай қорғаушы позициясында барлық матчта алаңға шықты.

— Әрине, Қарағанды облысына бірінші немесе екінші орын алып қайтқымыз келді. Алайда қарсыластарымыз мықты болып шықты. Енді Данияда өтетін Еуропа чемпионатына дайындаламыз. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған футбол секциясын ашқымыз келеді. Олар да футболмен айналысып, ойнай алса дейміз. Өзім дене шынықтыру пәнінің мұғалімімін. Мүмкіндігі шектеулі балалармен, оның ішінде церебралды сал ауруы бар балалармен жұмыс істеуге арнайы даярлығым бар. Қарағанды облысында балалардың мүмкіндігі шектелмей, спортпен еркін айналысуына жағдай жасайтындай футболды дамытқымыз келеді, – дейді футболшы.
Виталий Крадин де футболға бала кезінен келген. Алдымен аулада ойнаған ол кейін жаттығуын НОДА мектеп-интернатында жалғастырған.

— Әлем чемпионаты бізге үлкен тәжірибе берді. Мықты ойыншылармен танысып, халықаралық футболдың деңгейін көрдік. Біз үшін ең күрделі қарсылас Италия құрамасы болды. Ендігі басты міндет – жаттығуды жалғастырып, алдағы жарыстарға дайындалу, – деді спортшы.
Кәсіби футболда алға жылжуына Қарағанды облысында 2018 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Баршаға арналған футбол» жобасы ықпал етті. Жобаға облыстық тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған мектеп-интернаттың тәрбиеленушілері қатысады. Олар өңірдегі спорт мектептерінің командаларымен ойнап, чемпионаттарға қатысады.

— Біздің спортшылар өздерінің футбол ойнап қана қоймай, жеңіске де жете алатынын талай рет дәлелдеді. Ал бүгінде Қарағандының екі спортшысы Қазақстан құрамасының сапында әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. Бұл біз үшін үлкен мақтаныш. Олар адамның мүмкіндігі диагнозбен шектелмейтінін және футболдың шын мәнінде баршаға ортақ спорт екенін дәлелдеді, – деді жоба кураторы Наталья Сухорукова.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1285845?lang=ru

Жауап қалдыру