
Ақтөбеде облыстық ардагерлер кеңесінің төралқа отырысы өтті. Жиынға облыс әкімі Асхат Шахаров қатысты.
Ардагерлер «Ұрпақтар сабақтастығы және ұлттық құндылықтар» жобасының жүзеге асырылу барысын талқылады, сонымен бірге ұйымның алдында тұрған міндеттер пысықталды.
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Шаңғұтов осы кезге дейін атқарылған жұмыс пен алға қойылған міндеттер жөнінде баяндама жасады. Ол жастармен жұмыс барысында Аталар мен Әжелер алқаларының тәрбиелік әлеуетін кеңінен пайдалану, мемлекеттік органдармен, білім, мәдениет, жастар ұйымдарымен, дін саласының мамандарымен, медиаторлармен және қоғамдық ұйымдармен өзара байланысты нығайту арқылы ұлттық құндылықтарды насихаттау, жыраулық өнерді және ұлттық спортты дамыту, т.б. бағыттарда жақсы нәтижеге қол жеткенін сөз етті. Алға қойылған міндеттер арасында жас ұрпаққа кітап оқу мәдениетін сіңіру ісіне ерекше ден қойылатыны айтылды.
Жалпы, «Даналық формуласы» жобасының мақсаты бойынша жастар тәрбиесінде ардагерлердің өмірлік тәжірибесін пайдалануға басымдық берілмек. Жобаны жеті бағытта— үлкенді құрметтеу, кітап оқу, тарихи сананы жаңғырту, отбасы құндылықтары, ұлттық бірегейлік, адал ұрпақ тәрбиесі және зиянды әдеттер мен құмар ойындардың алдын алу — жүзеге асыру көзделіп отыр.
Алдағы уақытта «Ардагер ұсынған 100 кітап», «Ардагерлер — тарихтың тірі куәгерлері», «Бір ардагер — бір мектеп», «Ардагер — жасқа тәлімгер» жобаларын жүйелі түрде іске асыру ұсынылды.
Сонымен бірге ардагерлер ұйымы қарттардың өмірін жақсартуға, жеңілдетуге бағытталған бірқатар ұсыныс айтты. Мысалы, емханаларда жасы үлкен адамдарды күтіп алып, оларға бағыт сілтеп, ақыл-кеңес беретін арнайы медбике қызметін тағайындау, осы сынды өзге де ұсыныстар жиынға қатысушылар тарапынан қолдау тапты.
Басқосуда қоғам үшін пайдалы істерге, жақсы бастамаларға ұйытқы болып жүрген бір топ ардагерге облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-zher/press/news/details/1285857?lang=ru

Жауап қалдыру