АЛМАТЫ ДӘРІГЕРЛЕРІ ЖАҢА ТУҒАН НӘРЕСТЕДЕ САЛМАҒЫ ЕКІ КЕЛІ БОЛАТЫН ІСІКТІ АЛЫП ТАСТАДЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Нәрестені Алау деп атады. Ол өмірге келген алғашқы сәттен бастап өмір үшін күресті. Тамыздың 18-інде салмағы төрт келіден асатын қыз бала сегізкөз-құйымшақ тұсындағы үлкен түзіліспен дүниеге келді.

Туа біткен мұндай түзіліс нәресте туған кезде қатерлі ісік болып саналмаса да, өмірінің алғашқы алты айында қатерлі ісікке айналуы әбден мүмкін. Сондықтан мұндай түзілісі бар нәрестеге отаны созбалаңға салмай жасау қажет.
Бала туғаннан кейін бірнеше сағат ішінде неонаталдық реаниматологтар мен хирургтерден құралған топ перзентханаға барып, нәрестені Алматы Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына жеткізді. Қыз бала жаңа туған нәрестелер реанимациясы бөліміне жатқызылып, күрделі отаға дайындық басталды. Келесі күні дәрігерлер ісікті алып тастады.
«Сегізкөз-құйымшақ аймағында орналасқан тератоманың құрамында сүйек, жұмсақ тіндер және кистозды қуыс секілді түрлі тін бар. Бұл тәжірибеміздегі ең күрделі отаның бірі болды. Ісіктің салмағы екі келі болды, яғни нәрестенің өз салмағымен бірдей деуге болады. Қыздың туған кездегі салмағы төрт келі еді, демек, оның тең жартысын ісік құраған.
Ота сәтті өтті. Ісікті алып тастағаннан кейін бірден пластика жасадық. Тігіс орны білінбейтіндей етіп қалпына келтірілді. Болашақта бұл нәрестеге ешқандай қолайсыздық тудырмайды. Қазір баланың жағдайы жақсы, ол үйіне шыққалы жатыр», – деді Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығы бөлімшесінің меңгерушісі Саматбек Мырзахмет.
Отаны жасаған дәрігерлер: хирург Саматбек Мырзахмет, ассистент Бегалы Төребек, анестезиолог-реаниматолог Ұлықпан Әлсеитов. Нәрестенің емдеуші дәрігерлері – Айжан Сексенбаева мен Едгор Сайдакбаров.
Ота екі сағаттан астам уақытқа созылды. Хирургтер мен реаниматологтардың аса мұқият әрі дәл жұмысының арқасында нәресте салмағы екі келі болатын алып ісіктен арылды.
Тератома нәрестенің ана құрсағындағы кезінде қалыптасқан. Ол жүктіліктің 20-аптасында жүргізілген скрининг кезінде анықталған. Ата-анасы жүктілікті сақтап қалу үшін қолдан келгеннің бәрін жасады. Бірнеше рет дәрігерлер кеңесіне қатысып, Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының хирургтерінен кеңес алды. Дәрігерлер жүктілік бойы ана мен баланың денсаулығын мұқият бақылап отырды.
Жүктіліктің 34-аптасында қыз бала кесарь тілігі арқылы дүниеге келді.
«Бұл төрт ұлдан кейін көптен күткен қызымыз. Жүктіліктің 20-аптасында дәрігерлер сегізкөз-құйымшақ тератомасын анықтады. Сол бойда Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына кеңес алуға келдік. Жалпы, жүктілігім жақсы өтті.
34-аптада ішім ауырып, перзентханаға бардым. Дәрігерлер бірден кесарь тілігін жасап, балам екеумізді осында жеткізді. Қызымды аман алып қалған осы аурухананың дәрігерлеріне алғысым шексіз. Бала туғаннан кейін оны да, денесіндегі алып ісікті де көрдім. Қызымның еміне атсалысқан барша жанға рақмет», – дейді Алаудың анасы Аяжан.
Сегізкөз-құйымшақ тератомасы – жаңа туған нәрестеде жиі кездесетін ісіктің бірі. Ол ана құрсағында қалыптасып, нәрестемен бірге өсуі мүмкін. Кей жағдайда ауыр асқынуға әкеліп, өмірлік маңызды ағзалардың қызметін бұзады. Бұл жолы түзіліс өте үлкен көлемге дейін өскен.
Жыл басынан бері Алматы Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының жаңа туған нәрестелер бөліміне 96 бала жеткізілген. Олардың 72-сіне хирургиялық ем қажет болған.

Туа біткен ақаудың пайда болуына тұқымқуалаушылық, инфекция және басқа да ішкі-сыртқы факторлар әсер етуі мүмкін.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty-densaulyk/press/news/details/1285879?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді