
Қоғамдық қауіпсіздікті нығайту, құқық бұзушылықтардың алдын алу және елді мекен аумағында санитарлық тәртіпті сақтау мақсатында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Жанама ауылдық округінде кезекті рейдтік шара ұйымдастырылды.
Іс-шараға ауылдық округ әкімдігінің өкілдері мен жергілікті учаскелік полиция инспекторы қатысып, тұрғындармен бірнеше өзекті бағыт бойынша түсіндіру және профилактикалық жұмыстарын жүргізді.
Рейд барысында қамтылған негізгі мәселелер:
Елді мекен тазалығы және абаттандыру: Тұрғындарға аула маңы мен көше бойларына құрылыс қалдықтарын, тұрмыстық қоқысты бей-берекет тастамау қажеттілігі ескертілді. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің талаптарына сәйкес, ортақ пайдаланылатын орындарды ластағаны үшін қолданылатын жауапкершілік нормалары түсіндірілді.
Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидалары: Ауыл ішінде және автожолдардың бойында қараусыз жүрген үй жануарлары жол-көлік оқиғаларына себеп болатыны, сондай-ақ жасыл желектер мен абаттандыру нысандарына залал келтіретіні айтылды. Мал иелеріне бекітілген талаптарды қатаң сақтау, жануарларды қараусыз қалдырмау міндеттелді.
Жасөспірімдер қауіпсіздігі және заңсыз көлік жүргізуге жол бермеу: Мектеп оқушылары мен кәмелетке толмаған жасөспірімдердің тиісті жүргізуші куәлігінсіз көлік құралдарын (автокөлік, мотоцикл, мопед және скутерлер) басқару қаупі ерекше назарға алынды. Ата-аналарға балалардың өмірі мен денсаулығына жауапкершілікпен қарау, заңсыз көлік басқару деректері анықталған жағдайда заңды өкілдерге салынатын әкімшілік айыппұлдар туралы ескерту жасалды.
Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік — ортақ жауапкершілік. Әкімдік пен құқық қорғау органдары тұрғындарды заң талаптарын құрметтеуге, туған ауылдың тазалығы мен қауіпсіздігіне жанашырлықпен қарауға шақырады. Бұл бағыттағы мониторинг және түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-alakol-zhanama/press/news/details/1286141?lang=ru

Жауап қалдыру