
Шығыс Қазақстанда 590 есірткі жарнамасы мен QR-код жойылды
Заңсыз есірткі жарнамасы қала көрінісінің бір бөлігіне айналмауы тиіс. Шығыс Қазақстан облысында полиция мұндай жазуларды, QR-кодтарды және есірткі жарнамасының өзге де түрлерін жүйелі түрде анықтап, жою жұмыстарын жүргізіп келеді.
4 қыркүйек күні ШҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері облыс прокуратурасының және Жастар ресурстық орталығының өкілдерімен бірлесіп кезекті профилактикалық рейд ұйымдастырды. Қатысушылар көшелер мен заңсыз айналымдағы есірткі туралы ақпарат орналасуы мүмкін қоғамдық орындарды тексерді.
Рейд барысында есірткі граффитилері, QR-кодтар және тыйым салынған жарнаманың басқа да түрлері анықталып, дереу жойылды. Сондай-ақ тұрғындармен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, есірткі жарнамасын таратқаны үшін жауапкершілік бар екені және мұндай деректер туралы полицияға хабарлау қажеттігі ескертілді.
Жыл басынан бері өңірде есірткі жарнамасы мен QR-кодтардың 590 объектісі анықталып, жойылды. Бұдан басқа, есірткі, психотроптық заттар мен олардың аналогтарын заңсыз насихаттау және жарнамалау фактілері бойынша 6 қылмыстық іс қозғалды. Заң ақпаратты, оның ішінде интернет және басқа да ақпараттық ресурстар арқылы тарату үшін қылмыстық жауапкершілікті көздейді.
Есірткі жарнамасын анықтау және жою жұмыстары жалғасуда. Полиция азаматтарды бей-жай қалмауға шақырады: күдікті жазуды немесе QR-кодты байқасаңыз, бұл туралы құқық қорғау органдарына хабарлаңыз.
ШҚО ПД баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-vko/press/news/details/1286281?lang=ru

Жауап қалдыру