
Бүгін қала әкімінің орынбасары Аманжол Бақытжанұлының төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте Индустриалды аймақ және «TURAN» арнайы экономикалық аймағындағы өндіріс орындарында жұмыспен қамтуды қамтамасыз етудің өзекті мәселелері қаралды.
Мәжілісте Түркістан қалалық мансап орталығының мәліметі негізінде индустриалды аймақтағы инвесторлардың жұмыс орындарын қалыптастыру және жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту көрсеткіштері талқыланды. 2026 жылға арналған жоспар бойынша Индустриалды аймақтағы жеке инвесторлардың штат саны 397 адамды құраса, нақты жұмысқа орналасқандар саны – 229 адам. Қазіргі таңда 150 бос жұмыс орны бар.
Сонымен қатар, «TURAN» арнайы экономикалық аймағындағы 13 инвестор бойынша жұмысқа орналасқандар саны 518 адамды құрап отыр. АЭА кәсіпорындарында 3 548 бос жұмыс орны бар.
Мәжілісте инвесторлармен жасалған меморандумдардың орындалу тиімділігі де талқыланып, жұмыспен қамту бағытындағы бақылауды күшейту қажеттігі айтылды.
Жиын қорытындысы бойынша «TURAN» АЭА-дағы 13 инвестор бойынша ашық тұрған 3 548 бос жұмыс орнына жергілікті жұмыссыз азаматтар мен жастарды орналастырудың нақты Жол картасын 10 күн ішінде әзірлеу тапсырылды.
Сонымен қатар, әрбір инвесторға жеке жауапты маман бекітіп, жұмысты бақылауды күшейту, барлық инвесторлармен жасалған меморандумдарға ревизия жүргізу және жұмысқа орналасу көрсеткіштерін арттыру жөнінде нақты міндеттер жүктелді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kalasy/press/news/details/1286335?lang=kk

Жауап қалдыру