
2026 жылғы 4 қыркүйекте S&P Global Ratings Қазақстан Республикасының банк секторының елдік тәуекелдерін бағалаудың (BICRA) жақсарғаны туралы жариялады. «Салалық тәуекел» (Industry Risk) құрауышын бағалау «7» тобынан «6» тобына дейін көтерілді.
Сонымен бірге S&P «экономикалық тәуекел» (Economic Risk) құрауышы бойынша болжамды «тұрақтыдан» «оңға» қайта қарады.Бұл өсім 2021, 2023 және 2024 жылдардағы алдыңғы қайта қарау серпінін жалғастыра отырып, банк секторының позицияларын жақсартуға ұзақ мерзімді үрдісті бекітеді.
S&P есебіне сәйкес, салалық тәуекелді бағалауды арттыру Агенттіктің қаржы ұйымдарын қадағалауды күшейту жөніндегі бастамалары тиімділігінің тікелей нәтижесі болып табылады.
S&P сарапшылары іске асырылған шаралар қадағалау жүйесін орнықты нығайтуды қамтамасыз ететінін және экономикалық құлдырау кезеңдерінде елдің қаржылық тұрақтылығын сақтауға ықпал ететінін атап өтуде. Рейтингтік агенттіктің бағалауы бойынша, осы өзгерістердің арқасында Қазақстанның банктерді реттеуі мен қадағалауы өңірдің басқа елдеріне (Өзбекстан, Қырғызстан, Армения, Әзірбайжан) қарағанда тиімдірек.
S&P рейтингтің артуының негізгі факторларын бөліп көрсетеді:
«Реттеуші қабылдаған шаралардың қатарында банк жүйесі активтерінің сапасын тұрақты бағалау, Supervisory Review and Evaluation Process (SREP) әдіснамасы бойынша банктің қаржылық тәуекелдерін шолу мен бағалаудың қадағалау процесіне көшу, сондай-ақ банктердің тәуекелдерді қабылдауға бейімділігін, әсіресе жақында қарқынды дамып келе жатқан бөлшек сауда сегментінде шектеу жөніндегі шаралар», – деп атап көрсетілді есепте.
S&P енгізілген шаралар банктерге геосаяси тәуекелдердің ұзақтығы мен ауқымына қатысты белгісіздіктің жоғары деңгейімен сипатталатын кезеңдерді еңсеруге көмектесуге тиіс екендігін атап өтеді.
Есепте қаржы нарығын қадағалау сапасы,оның ішінде үздіксіз бақылау, жан-жақты мониторинг және банктердің капиталы мен өтімділігіне қойылатын талаптарды қатаңдатуға, стресс-тестілеуге қатысты есептіліктің ашықтығын қамтамасыз ету атап өтіледі.Корпоративтік басқаруға және кибер орнықтылық пен климаттық факторлар сияқты тәуекелдердің жаңа түрлерін бағалауға қойылатын талаптар да қадағалау процесіне интеграцияланды.
S&P бағалауы бойынша, қазақстандық банктер орнықтылықты көрсетіп отыр:
«Соңғы жылдары банк секторы өңірдегі геосаяси және макроэкономикалық тәуекелдерге салыстырмалы орнықтылық көрсетті. Қаржы жүйесіндегі жалпы кредиттік тәуекел бақылауда қалады», – деп атап өтілді есепте.
Экономикалық тәуекел бойынша оң болжам макроэкономикалық көрсеткіштерді тұрақтандыру, инфляцияны бәсеңдету және активтер сапасының көрсеткіштерін жақсарту аясында қаржы жүйесі үшін тәуекелдерді одан әрі төмендетуге қатысты халықаралық талдаушылардың күтулерін көрсетеді.
BICRA бағалауының жоғарылауы қазақстандық қаржы мекемелерінің кредиттік профильдеріне тікелей оң әсер етті. S&P GlobalRatings Центр Кредит Банкінің ұзақ мерзімді рейтингін «BB+» деңгейіне дейін және Freedom тобының еншілес құрылымдарының рейтингтерін ұлттық шкала бойынша «kzA» деңгейіне дейін көтерді. HalykBank(«BBB-»), Нұрбанк («B») ұзақ мерзімді рейтингтері және Freedom холдингінің халықаралық рейтингтері бойынша болжамдар «Оң» болып қайта қаралды.
Агенттік қадағалау тетіктерін нығайту, озық халықаралық стандарттарды енгізу және қаржы нарығының тұрақты өсуін қолдау үшін оның ашықтығын қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты жалғастырады.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ardfm/press/news/details/1286385?lang=ru

Жауап қалдыру