
Жамбыл өңірінде алғаш рет өткен инклюзивтік балалар театры байқауы ерекше әсер қалдырды. Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы «Әулиеата – кітап оқитын өңір» акциясы және «Инклюзия және театр» жобасы аясында «Жүрекпен оқыған шығарма» атты алғашқы инклюзивтік театр байқауын ұйымдастырды. Байқауға №2 «Болашақ» мектеп-интернатының оқушылары қатысып, өздерінің шығармашылық қабілеттерін ортаға салды.
Сайыстың тартысты өткен сәттерінде бес бірегей театрландырылған көрініс сахналанды. Әр көрініс ерекше шеберлікпен орындалып, көрерменнің жүрегін терең толқытты. Осы байқауда «Ер, Бәуке», «Оян, қазақ!», «Махаббат мұңарасы», «Ай мен Айша» және «Жусан иісі» атты шығармалардан үзінділер көрсетілді.
Қаламыздың «Асыл Арман» өнер шығармашылық орталығы, «А-Жұлдыз» өнер мектебі және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық орталықтың «Драма» студиясының оқушылары да өз концерттік бағдарламаларын ұсынды. Шығармашылық ұжымдар өнерінің деңгейі көрерменге ұмытылмас сәттер сыйлады.
Байқау нәтижесінде инклюзивтік қойылымдар бірнеше номинация бойынша марапатталды. «Үздік актерлық шеберлік» номинациясында Шархат Байгубек жеңімпаз атанса, «Екінші пландағы рөл» номинациясын Сағындық Айсана жеңіп алды. «Көрермен көзайымы» номинациясы 9 сынып оқушыларына берілді. Ал «Үздік театр труппасы» номинациясымен 5-6 сынып оқушыларынан құралған актерлық труппа марапатталды. Ең «Үздік қойылым» номинациясы 8 сынып оқушыларына табысталды.
Айта кетейік, «Инклюзия және театр» жобасы 2022 жылдан бері №2 «Болашақ» мектеп-интернатының оқушыларымен үш жыл бойы жүзеге асып келеді. Бұл байқау – аталған жобаның қорытынды шарасы болып, өнер мен шығармашылықтың шекарасыз күшін паш етті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-cultura-arhiv/press/news/details/984294?lang=kk

Жауап қалдыру