Маңғыстауда ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемі артып келеді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Маңғыстау облысының Қарақия ауданында егін шаруашылығы жүйелі түрде дамып, егіс алқаптарының көлемі мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі артып келеді. Өңірдің табиғи-климаттық жағдайының күрделілігіне қарамастан, шаруалар жерді игеріп, заманауи тәсілдерді енгізіп, жергілікті нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуде.

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Қарақия ауданына жұмыс сапары барысында егін шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтарының алқаптарын аралап, дала жұмыстарының барысымен танысты.

2026 жылы Қызылқұм алқабында 94 гектар жерге ашық топырақта егін егілді. Мұнда қияр, қызанақ, бұрыш, қырыққабат, баялды, қауын, қарбыз және асқабақ өсіріледі. Сонымен қатар ауданда жалпы аумағы 3,57 гектарды құрайтын 11 фермерлік жылыжай жұмыс істейді. Негізінен қияр өсірілетін жылыжайларда өнім алу жұмыстары тұрақты жолға қойылған. Қызылқұм алқабындағы шаруа қожалықтарының өнім көлемін арттыру және жылыжайлар санын көбейту мақсатында 51 шаруа қожалығын газбен қамтамасыз ету үшін ұзындығы 26 шақырым газ құбырын тарту жұмыстары жүргізілді.

Биыл «Еңбек» және «Рысбек» шаруа қожалықтары тиісінше 19 және 14,7 гектар жерге егін егіп, өнімнің негізгі бөлігін өндіруде. Ауданда жеміс шаруашылығы да дамып келеді. Алма бақтарының жалпы аумағы 6,5 гектарды құрайды.

Қырыққабат өндіруге де ерекше көңіл бөлінуде. «Еңбек» және «Рысбек» шаруа қожалықтары 2,2 гектар алқапта қырыққабат өсіруде. Бүгінде жергілікті «Асар-С» нарығына 150 тонна өнім жеткізілді. Оның көтерме бағасы 1 келіге 160-170 теңгені құрайды. Ал ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы жоспарланған көлемі 3 мың тоннаға жетеді.

Алқаптарды аралау барысында облыс әкімі ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдаланудың және өндіріс көлемін одан әрі арттырудың маңыздылығын атап өтті.

– Маңғыстау ауыл шаруашылығы өнімдерін тұтынумен ғана шектелмей, өз өндірісін де арттыруы қажет. Бұл – азық-түлік қауіпсіздігі мен өңір экономикасын дамытудың маңызды мәселесі. Фермерлердің нәтижесі көрсетіп отырғандай, біздің климаттық жағдайымызға қарамастан, жерді тиімді пайдалану, заманауи технологияларды енгізу және мемлекеттік қолдау арқылы өндіріс көлемін едәуір арттыруға болады. Біздің міндетіміз – осындай шаруашылықтардың одан әрі кеңеюіне жағдай жасап, нарықтағы жергілікті өнімнің үлесін арттыру, – деді Нұрдәулет Қилыбай.

Облыс әкімі жауапты тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану, өндіріс көлемін арттыру және фермерлерге қажетті қолдау көрсету бағытындағы жұмысты жалғастыруды тапсырды.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/1286440?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді