
“Музей қорына құнды жәдігер табысталды
Кербұлақ ауданының тұрғыны Ақыласов Серік ағамыз музей қорына тарихи мәні бар диірмен тасын сыйға тартты. Серік ағамыздың айтуынша, бұл диірмен тасы ел ішінде «Тәттімбет бай» атанған тарихи тұлғаға тиесілі болған.
Жәдігерді музейге тапсыстау барысында Серік ағамыз Тәттімбет байдың қыстауы және сол өңірге қатысты ел аузында сақталған бірқатар тарихи деректермен бөлісті. Ауызша дерекке сүйенсек, Тәттімбет байдың қыстауы Матай тауының бөктеріндегі Шылбыр асуы мен Тізгін деп аталатын қауіпті жердің арасында орналасқан Мыңтеке жайлауында болған. Қыстаудың орны бүгінгі күнге дейін сақталған. Қазіргі таңда оның саман кірпіштен қаланған қабырғаларының қирандылары байқалады. Іргесіне бөренелер төселіп, қабырғалары балшықпен сыланған. Сондай-ақ пеш пен ошақтың орындары да сақталған. Бұл жерде кезінде малшылар тұрған болуы мүмкін.
Серік ағамыз аталған аумақтың төменгі жағында «Кісі өлген кезең» деп аталатын жер бар екенін де айтып өтті. Оның айтуынша, бұл жердің тарихы Құндақбай батырдың есімімен байланысты. Сонымен қатар 1930 жылдардағы ашаршылық кезеңіне қатысты қайғылы оқиғалар осы маңда болғаны және бұл деректердің Кербұлақ ауданының полиция бөлімінде тіркелгені жөнінде мәлімет берді.
Сондай-ақ осы аумақта таспен қаланған қорымдардың арасында адам сүйектері көрініп жатқаны және қорымдардың қазіргі күнге дейін сақталғаны туралы дерек айтылды.
Ел аузындағы тағы бір дерек бойынша, Құндақбай батырдың кезінде Алтынемел мен Жүзасу өңірлері арқылы Қытай әскері өтіп кетпеуі үшін осы маңда жасақ ұйымдастырылған. Бұл мәліметтер – өңір тарихына қатысты ауызша тарихи дерек. Алдағы уақытта музей мамандары аталған деректерді нақтылау, архивтік және басқа да тарихи құжаттармен салыстыру бағытында зерттеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлайды.
Музей қорына тапсырылған әрбір жәдігер – өткен тарихымыздың куәсі. Диірмен тасы да атадан балаға жеткен жергілікті тарихтың заттай дерегі ретінде музей қорындағы құнды жәдігерлердің қатарын толықтырды.
Музейге тарихи жәдігерді табыстап, ел тарихына қатысты құнды деректерімен бөліскен Ақыласов Серік ағамызға алғысымызды білдіреміз!

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-kerbulak-shanhanai/press/news/details/1286750?lang=ru

Жауап қалдыру