
Балалардың қауіпсіздігі үшін 1 мыңнан астам рейд: ШҚО-да «Назар аударыңыз, балалар!» акциясы жалғасуда
Шығыс Қазақстан облысында 15 тамызда басталған «Назар аударыңыз, балалар!» жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасуда. Акция кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтар мен жазатайым оқиғалардың алдын алуға бағытталған және 30 қыркүйекке дейін жалғасады.
19 күн ішінде полиция қызметкерлері мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, мыңнан астам рейдтік іс-шара өткізді. Балалардың үйдегі, көшедегі және көпшілік жиналатын орындардағы қауіпсіздігіне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, балалардың терезеден құлап кетуінің және су айдындарындағы жазатайым оқиғалардың алдын алуға бағытталған жұмыстар жүргізілді.
Акция барысында полиция қызметкерлері 588 әкімшілік құқық бұзушылықтың жолын кесті, ал қараусыз жүргені үшін 340 кәмелетке толмаған бала полиция органдарына жеткізілді. Сонымен қатар тұрмыстық жағдайы қиын 850 отбасы тексерілді.
Балалардың жол қауіпсіздігіне де ерекше назар аударылуда. Полиция қызметкерлері білім беру ұйымдарының маңындағы аумақтар мен жол инфрақұрылымын тексерді. Анықталған кемшіліктерді жою бойынша 194 нұсқама берілді. Балалармен 1,3 мыңнан астам профилактикалық іс-шара өткізілді.
Құқықтық сауаттылықты арттыру да профилактикалық жұмыстың маңызды бағыты болып отыр. Өңірдегі мектептер мен колледждерде 400-ден астам құқықтық сауаттылық бойынша дәріс және 550-ден астам есірткінің алдын алуға бағытталған іс-шара өткізілді.
«Назар аударыңыз, балалар!» акциясы жалғасуда. Кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық жұмыс тұрақты түрде жүргізіледі.
ШҚО ПД баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-vko/press/news/details/1286815?lang=ru

Жауап қалдыру