Ақтауда алғаш рет күштік құрылымдардың арнайы бөлімше жүзгіштері өзара бақ сынады

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Каспий теңізінің акваториясындағы әскери-теңіз күштерінің әртүрлі кемелер дивизионы базасында Ақтау гарнизонының арнайы бөлімшелері арасында Aktau water challenge-2026 жарысы өтті.

Он кезеңнен тұратын сайысты ҚР Қарулы күштерінің Арнайы операциялар күштері ұйымдастырды. Оған Корғаныс министрлігі, ІІМ және ҰҚК Шекара қызметінің 8 командасы құрамында жүзден астам әскери қызметші қатысты. Бағдарламада бес метрлік биіктіктегі пирстен секіру, 100 метрге жүзу, туннельді, эстакаданы, понтондарды, торлы қабырғаларды еңсеру және су үстіндегі арнайы тапсырмаларды орындаудың шынайы жағдайларына барынша жақындатылған басқа да кедергілер қамтылды. Жарысқа тәжірибелі жауынгерлермен қатар мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер де бақ сынады. Сайыстан алған әсерімен Теңіз жаяу әскері бригадасында бес айға жуық қызмет еткен «Морпех» командасының мүшесі кіші сержант Темірлан Құмаров бөлісті.

– Біздің команда үшінші орынды иеленді, бұл өте жақсы нәтиже деп есептеймін. Жарысқа мұқият дайындалдық. Мен үшін ең қиыны бес метрлік биіктіктегі пирстен секіру болды. Жарыстың алты минуты тұтас бір сағаттай сезілді. 100 метрді уақытқа жүзіп өту және барлық су үсті кедергілерін еңсеру де оңай болған жоқ. Ұйымдастырушыларға осы сынақтан өтіп, өз күшімізді тексеруге мүмкіндік бергені үшін алғыс айтқым келеді, – деді ол.

Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды Арнайы операциялар күштерінің Jaubasar командасы иеленді. Екінші орынды Әскери-теңіз күштерінің диверсияға қарсы күштер мен құралдар ротасының құрамасы қанжығасына байлады. Үшінші орынды Теңіз жаяу әскері бригадасының «Морпех» командасы мен Ішкі істер министрлігінің «Барыс» командасы өзара бөлісті.

Арнайы бөлімшелер жауынгерлерінің кәсіби даярлық деңгейін арттыруға және іс-қимыл дағдыларын жетілдіруге бағытталған аталмыш іс-шара жоғары деңгейде өтті. Сайыс жеңімпаздары кубоктармен марапатталып, барлық қатысушыларға грамоталар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Aktau water challenge-2026 ұйымдастырушылары жарысты жыл сайын өткізіп, көптеген командаларды шақыруды және қатысушыларға қойылатын талаптарды күшейтуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ сынақтан өту шарты жетілдіріліп, нысанаға оқ ату кезеңдері қосылатын болады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1287034?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді