
Ақтөбе облысында қараусыз жүрген үй жануарларының автожолға шығып кетуі жол қауіпсіздігіне елеулі қауіп төндіруде. Жыл басынан бері өңірде осындай жағдайға байланысты 6 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 12 адам түрлі дене жарақатын алған.
Жолға шығып кеткен үй жануары жүргізуші үшін күтпеген кедергіге айналуы мүмкін. Әсіресе ауылдық жерлерде, елді мекендерге жақын және жайылым аумақтарындағы жол учаскелерінде мұндай жағдайға ерекше назар аудару қажет.
Осыған байланысты Ақтөбе облысының полиция қызметкерлері автожолдарда жүргізушілермен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ауыл тұрғындарына ескерту жасады.
Полиция үй жануарларының иелеріне жануарларды қараусыз қалдырмау, автожолдарға жақын жерде жаюға жол бермеу және олардың жолға шығып кетпеуін қамтамасыз ету қажеттігін түсіндірді.
Жыл басынан бері үй жануарларын қараусыз қалдырған 1400-ден астам иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Жүргізушілерге елді мекендер мен ауылдық аумақтарға жақын жол учаскелерінде жылдамдық режимін сақтап, жол жиегіне мұқият болу ескертілді.
Полиция азаматтарды үй жануарларын бақылауда ұстауға және олардың автожолға шығып кетуіне жол бермеуге шақырады. Жол қауіпсіздігіне жүргізушілермен қатар, үй жануарларының иелері де жауапты.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-aktobe/press/news/details/1287150?lang=ru

Жауап қалдыру