
Жұмыс сапары барысында қоғамдық кеңістіктерді дамытуға ерекше назар аударылды. Өңір басшысына Ақсу қаласының орталық жағалауын қайта жаңғырту және абаттандыру жобасы таныстырылды. Аумағы 5,8 га жерде тұрғындардың жайлы демалысына қажетті инфрақұрылымы бар заманауи қоғамдық кеңістік, оның ішінде жағажай құру жоспарланып отыр. Сондай-ақ жоба тамақтану аймағын, спорт алаңдарын, медициналық және полиция пункттерін және басқа да нысандарды қамтиды.
Асайын Байханов жобаға барлық қажетті инфрақұрылым элементтерін қарастыра отырып, егжей-тегжейлі пысықтауды және оны қазан айының соңына дейін бюджет комиссиясының қарауына ұсынуді тапсырды. Жағалауды абаттандыру жобасын іске асыруды 2027 жылы бастау жоспарлануда.
Жұмыс сапары барысында облыс әкімі Дөнентаев көшесі, 44 мекенжайындағы көппәтерлі тұрғын үйдің құрылыс барысымен де танысты. Жосықсыз мердігер ауыстырылғаннан кейін нысандағы құрылыс жұмыстары қайта жанданды. Қазіргі уақытта инженерлік желілерге арналған коммуникациялар жүргізілді, кіреберіс топтар мен ішкі инженерлік жүйелерді монтаждау жұмыстары атқарылуда, әрлеу жұмыстары жалғасуда. Құрылысты 2027 жылдың көктемінде аяқтау жоспарланған.
– ЖАО кезегінде тұрған азаматтар өз пәтерлерін ұзақ уақыттан бері күтіп келеді. Сондықтан қателіктерге жол беруге болмайды. Жоспарланған барлық жұмыстардың сапалы әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз ету қажет, – деп атап өтті Асайын Байханов.
Өңір басшысы кәріз желілерін қайта жаңғырту барысымен де танысты. Биыл Ақсу қаласында жалпы ұзындығы 5,9 км құрайтын үш учаске жаңартылуда. Бүгінде 5,6 км желі жаңартылып, қалған 300 м желіні салу жұмыстары жалғасуда. Жұмыстар аяқталғаннан кейін аумақты жоспарлау және кейіннен абаттандыру жұмыстары жүргізіледі.
Жұмыс сапарының маңызды бөлігі қаланың коммуналдық және энергетикалық инфрақұрылымының алдағы жылу беру маусымына дайындығын тексеруге арналды.
Гидравликалық режимді жақсарту және жылумен жабдықтау сапасын арттыру мақсатында биыл жалпы ұзындығы 1,8 км құрайтын екі жылу магистралін қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Бұл жобаларды іске асыру 119 көппәтерлі және 491 жеке тұрғын үйді, сондай-ақ 24 әлеуметтік нысанды жылумен жабдықтаудың сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар биыл «Теплосервис-Аксу» КМК жалпы ұзындығы 1,3 км болатын жылу желілеріне күрделі жөндеу жүргізді.
Бүгінде қаладағы жылу желілеріне гидравликалық сынақтар аяқталды. Сынақ барысында анықталған барлық ақаулар жойылды.
Ақсу қаласындағы 261 көппәтерлі тұрғын үйдің 207-сі немесе 96,7%-ы жылу беру маусымына дайын. Сондай-ақ қаладағы 83 әлеуметтік нысанның барлығы дайын.
1 қыркүйектен бастап Ақсу қаласында ыстық сумен жабдықтау толық қалпына келтірілді. Қазіргі уақытта алты көппәтерлі тұрғын үйде ыстық су жоқ. Бұл үйлерде басқарушы компаниялар жөндеу жұмыстарын жүргізуде.
Жұмыс сапарын қорытындылаған Асайын Байханов Ақсу қаласы Павлодар облысындағы ірі индустриялық орталықтардың бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар қаланы одан әрі дамыту коммуналдық инфрақұрылымды кешенді жаңартуды, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыруды және тұрғындарға қолайлы жағдай жасауды талап етеді.
Өңір басшысы жергілікті атқарушы органдарға іске асырылып жатқан жобаларды сапалы әрі уақтылы аяқтауды, сондай-ақ Ақсу қаласын одан әрі дамытуға бағытталған жаңа бастамаларды әзірлеу және іске асыру жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar/press/news/details/1287146?lang=ru

Жауап қалдыру