
Адам өмірінде таңдаған мамандығының өзіндік орны бар. Ал оны жүрек қалауымен таңдап, ұзақ жылдар бойы адал атқару — үлкен жауапкершілік пен еңбекті талап етеді. Досполова Гүлсара Курашевна да санитариялық-эпидемиологиялық қызметке 36 жылдан астам ғұмырын арнаған білікті мамандардың бірі.
Гүлсара Курашевна 1982 жылы Қарағанды медициналық институтын «санитариялық дәрігер» мамандығы бойынша тәмамдады. Еңбек жолын Нұра аудандық санитариялық-эпидемиологиялық станциясында дәрігер-эпидемиолог болып бастап, аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысына дейінгі кәсіби жолдан өтті.
Көп жылдар бойы оның басшылығымен қызмет көрсету радиусы 530 шақырымды құрайтын аумақта тұрақты эпидемиологиялық ахуал қамтамасыз етілді. Кәсіби білімі мен жұмысты сауатты ұйымдастыруының арқасында ауданда су факторына байланысты жіті ішек инфекцияларының өршуіне, топтық және инфекциялық аурулардың таралуына, сондай-ақ кәсіптік аурулар жағдайларына жол берілмеді.
Ол иммунология, вакцинопрофилактика, эпидемияға қарсы және санитариялық-гигиеналық іс-шараларды ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлді. Қызметінің маңызды бағыттарының бірі — тәлімгерлік болды. Оның тәжірибесі мен кәсіби білімі арқылы санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің бірнеше буын мамандары қалыптасып, жауапкершілік пен мамандыққа адалдықты бойына сіңірді.
Гүлсара Құрашевнаның жоғары кәсібилігі мен көп жылғы адал еңбегі мемлекеттік және ведомстволық наградалармен, оның ішінде «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен атап өтілді.
Кәсіби қызметімен қатар, оның басты мақтанышы — отбасы. Ол төрт баланы — бір қыз және үш ұл тәрбиелеп өсірді. Бүгінде он төрт немеренің сүйікті әжесі атанып, отбасының берекесі мен шаттығына бөленіп келеді.
Кәсіби мереке қарсаңында Гүлсара Курашевнаға зор денсаулық, отбасылық амандық, жан жылуы мен ұзақ та бақытты ғұмыр тілейміз. Әрдайым отбасыңыздың жылуы мен жақындарыңыздың мейірімі, әріптестеріңіздің құрметі мен ақ тілегі серік болып, әр күніңіз қуаныш пен бақытқа толы болсын!
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-karaganda/press/news/details/1287071?lang=ru

Жауап қалдыру