
Энергетика саласы: жылу электр стансалары тәуекел аймағынан кезең-кезеңімен шығарылуда
2024-2025 жылдары еліміздің электр стансаларында 20 энергияблок, 118 қазандық және 84 турбина жөнделді. Электр стансаларының орташа тозуы 56%-дан 53%-ға дейін төмендеді, ал 2026 жылғы жөндеу науқанының қорытындысы бойынша оның одан әрі төмендеуі 52% болады деп күтілуде.
Сонымен бірге сенімділік көрсеткіштері де жақсаруда. Егер 2023-2024 жылдардағы жылу беру кезеңінде электр стансаларында 1 469 технологиялық ақау тіркелген болса, 2025-2026 жылдары ол 1 004 болды. Жылу желілерінің температуралық кестелерін сақтамау жағдайларының саны 215-тен 21-ге дейін, яғни 10 еседен астамға қысқарды. Соңғы 2 жылда «қызыл аймақтағы» ЖЭО-лар саны 19-дан 5-ке дейін түссе, «сары аймақтағы» ЖЭО-лар саны 11-ден 19-ға дейін өсті, бұл ретте «жасыл аймақтағы» стансалар саны 2 есеге – 7-ден 14-ке дейін өсті.
Жаңа қуат көздері: 2027 жылғы ішкі сұранысты қамту
Келесі кезең – қуат көздерін кеңейту. 2025 жылы жалпы қуаты 166 МВт болатын дәстүрлі энергетика нысандары, сондай-ақ 503,5 МВт болатын 9 ЖЭК жобасы іске қосылды. 2026 жылы 2,6 ГВт дәстүрлі және жаңартылатын генерацияны енгізу жоспарланған. Қызылордада қуаты 240 МВт болатын бу-газ қондырғылары (БГҚ) іске қосылды. Текелі энергокешенін жаңғырту аяқталды, оның қуаты екі жыл ішінде 53 МВт-қа ұлғайтылды. Ең ірі жаңа нысандардың бірі – қуаттылығы 1 ГВт-тық «Түркістан» БГҚ болды, ол елдің оңтүстік аймағын энергиямен жабдықтауды күшейтеді.
2027 жылы тағы 845 МВт жаңа энергия қуатын енгізу жоспарлануда. Бұл I тоқсанда елдің электр энергиясына деген қажеттілігін жабуға, ал жыл соңына қарай шамамен 1,3 млрд кВт\сағат профицит қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Көмірді қуат көзіне айналдырудың ұлттық жобасы 2030 жылға дейін 8 жаңа энергия көздерін салуды және 7,8 ГВт-тық жұмыс істеп тұрған 11 электр стансасын жаңғыртуды көздейді. Курчатовта қуаттылығы 700 МВт болатын КЭС құрылысы басталды. ЖЭК саласында 2035 жылға дейін жиынтық қуаты кемінде 8,4 ГВт болатын жобаларды жүзеге асыру көзделген.
Дереккөз: primeminister.kz
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kaenk/press/news/details/1288362?lang=ru

Жауап қалдыру