
Түркістан қаласында мәдениет пен спортты дамыту, тарихи-мәдени мұраны сақтау және қаланы көгалдандыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.
Жыл басынан бері қалада 128 мәдени және 79 спорттық іс-шара ұйымдастырылып, оған 65 982 адам қамтылды. Оның ішінде 4 халықаралық, 9 республикалық және 14 облыстық деңгейдегі ауқымды іс-шара бар.
Бұл туралы Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте айтылды.
Жиында мәдениет саласының 8 айдағы жұмысы қорытындыланып, бірқатар нақты тапсырмалар берілді.
Атап айтқанда, сыртқы жарнама мен көрнекі ақпараттардың тіл заңнамасына сәйкестігін бақылауды күшейтіп, анықталған кемшілікті 10 күн ішінде жою тапсырылды.
Сондай-ақ, Әзімбек Пазылбекұлы халық арасында кеңінен кітап оқу мәдениетін дамыту мақсатында және бұқаралық спортқа тарту мақсатында насихаттық жұмыстарды күшейтіп, тұрғындар үшін тұрақты шаралар ұйымдастыруды тапсырды.
Мәжілісте, сонымен қатар, күзгі көгалдандыру жұмыстарына дайындық барысы қаралды. Биыл күзде қала аумағына 200 700 дана ағаш пен бұта отырғызу жоспарланған.
Қала әкімі көгалдандырудың негізгі көрсеткіші отырғызылған көшет саны емес, оның жерсінуі мен кейінгі күтімі екенін атап өтті. Осыған байланысты ағаш отырғызылатын 30 нысанның суару жүйесін алдын ала қамтамасыз етуді және инфрақұрылым дайындығын бір апта ішінде тексеруді тапсырды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kalasy/press/news/details/1288390?lang=kk

Жауап қалдыру