
Найроби, 2026 жылғы 9 қыркүйек. Найроби қаласында Біріккен Ұлттар Ұйымының Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасы (ЮНЕП) жанындағы Тұрақты өкілдер Комитеті Кіші комитетінің 13-ші жыл сайынғы отырысы өтуде. Іс-шараға Қазақстан Республикасының Кения Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстан Республикасының БҰҰ-ның Найробидегі кеңсесі жанындағы Тұрақты өкілі Барлыбай Садыков бастаған Қазақстан делегациясы қатысуда.
Өз сөзінде Барлыбай Садыков ЮНЕП қызметіне жоғары баға беріп, өңірлік және халықаралық экологиялық ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың қажеттілігін атап өтті. Сонымен қатар халықаралық міндеттемелерді іс жүзінде іске асыруға, ғылыми және технологиялық әлеуетті дамытуға, сондай-ақ экологиялық бастамаларды тұрақты қаржыландыруды қамтамасыз етуге ерекше назар аударды.
Осы тұрғыда 2026 жылғы сәуірде Астана қаласында өткен Өңірлік экологиялық саммиттің, сондай-ақ оның қорытындысы бойынша қабылданған «Орталық Азияның экологиялық ынтымақтастығы» декларациясының ерекше маңызы атап өтілді. Алматы қаласындағы ЮНЕП-тің Орталық Азияға арналған Субөңірлік кеңсесін одан әрі нығайтудың және оны қысқа мерзімде толыққанды өңірлік экологиялық хабқа айналдырудың өзектілігі атап көрсетілді.
Форумға қатысушылардың назары Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру, сондай-ақ БҰҰ-ның 22 сәуірді Халықаралық планетаны көгалдандыру күні деп белгілеу туралы резолюция қабылдауына қатысты бастамаларына аударылды. Әлемдік су ресурстарын ұтымды басқарудың және осы мақсатта тиісті мандат пен ресурстарға ие мамандандырылған халықаралық құрылым құрудың маңыздылығы атап өтілді. Халықаралық планетаны көгалдандыру күнін белгілеу белгілеу Қазақстанның қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыруға, экологиялық хабардарлықты арттыруға және экологиялық проблемаларды шешуге азаматтық қоғамды неғұрлым белсенді тартуға бағытталған жалпыұлттық «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасына толық сәйкес келетіні атап өтілді.
Қазақстан халықаралық экологиялық ынтымақтастықты нығайту және климаттың өзгеруі, су қауіпсіздігі, биоалуантүрлілікті сақтау және орнықты даму салаларында практикалық шешімдерді ілгерілету мақсатында БҰҰ Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасымен (ЮНЕП) және БҰҰ-ға мүше мемлекеттермен сындарлы өзара іс-қимылды жалғастыруға дайын екенін растады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-nairobi/press/news/details/1288799?lang=ru

Жауап қалдыру