
Вакцинация – жұқпалы аурулардың алдын алудың ең тиімді тәсілдерінің бірі. Уақтылы жүргізілген иммундау ағзаның инфекцияларға қарсы қорғанысын қалыптастырып, аурудың ауыр өту қаупін азайтады және инфекциялардың халық арасында таралуын тежеуге мүмкіндік береді.
Вакциналар иммундық жүйеге белгілі бір инфекцияның қоздырғышын танып, оған қарсы қорғаныс қалыптастыруға көмектеседі. Адам инфекциямен кездескен кезде ағза қоздырғышты жылдам танып, оған қарсы тиімді жауап бере алады.
Балаларды вакцинациялау ерекше маңызға ие. Өмірінің алғашқы жылдарында баланың иммундық жүйесі әлі толық қалыптасып үлгермегендіктен, оның бірқатар жұқпалы ауруларға шалдығу қаупі жоғары болады. Сондықтан профилактикалық екпелерді Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес уақытында алу – баланың денсаулығын қорғаудың маңызды шараларының бірі.
Иммундау жүкті әйелдер, егде жастағы адамдар және созылмалы аурулары бар азаматтар үшін де маңызды. Себебі бұл топтарда кейбір инфекциялар ауыр өтіп, асқыну қаупін арттыруы мүмкін.
Вакцинация адамның жеке басын қорғаумен қатар, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге де ықпал етеді. Халықтың екпемен қамтылу деңгейі жоғары болған сайын инфекция қоздырғыштарының таралу мүмкіндігі төмендейді. Бұл денсаулық жағдайына байланысты вакцина ала алмайтын немесе белгілі бір екпені алуға жасы жетпеген адамдарды қорғауға мүмкіндік береді.
Жүйелі иммундау көптеген қауіпті жұқпалы аурулардың таралуын айтарлықтай азайтуға мүмкіндік берді. Дегенмен вакцинация деңгейінің төмендеуі бұрын бақылауға алынған инфекциялардың қайта өршуіне және ауру ошақтарының пайда болуына әкелуі мүмкін.
Әрбір профилактикалық екпенің алдында медицина қызметкері адамның денсаулық жағдайын бағалап, қажетті медициналық тексеру жүргізеді. Екпе алу туралы шешім адамның жасына, денсаулық жағдайына, медициналық көрсетілімдері мен қарсы көрсетілімдеріне сәйкес қабылданады.
Ата-аналар балаларының профилактикалық екпелерін уақытында алуын қадағалап, белгіленген егу мерзімдерін сақтауы қажет. Егер қандай да бір себеппен екпе мерзімі өткізіліп алса, иммундауды жалғастыру тәртібін анықтау үшін медициналық ұйымға жүгінген жөн.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-akmolinsk/press/news/details/1289075?lang=ru

Жауап қалдыру