ТОЛЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ КЕЗІНДЕ ҚАРЖЫЛАНДЫРУ ТӘРТІБІ ЖЕТІЛДІРІЛЕДІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қазақстанда мемлекет тарапынан толық қамтамасыз етілетін азаматтарды қаржыландыру жүйесін жетілдіру ұсынылып отыр. Тиісті өзгерістер бір шығынның екі рет қаржыландырылуына жол бермеуге, бюджет қаражатын тиімді пайдалануға және заңнамада көзделген әлеуметтік кепілдіктерді сақтауға бағытталған.

Қазіргі таңда аталған орталықтарда тұратын азаматтардың тұруына және қажеттіліктеріне байланысты шығыстар мемлекет қаражаты есебінен толық өтеледі. Олардың тұруы, тамақтануы, киім-кешегі, әлеуметтік қызметтері, медициналық көмегі мен күтімі заңнамада белгіленген көлемде бюджет қаражаты есебінен қамтамасыз етіледі. Мемлекеттік қамтамасыз ету қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде отырған азаматтарға да қарастырылған.

Қолданыстағы тәртіп бойынша зейнетақы төлемдері мен мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар бөлінеді. Төлемнің 30%-ы тікелей азаматқа беріледі және оның жеке қаражаты болып қалады. Ал қалған 70%-ы орталықтың арнайы шотына аударылады. Бұл қаражат әлеуметтік қызмет алушыларды қамтамасыз етуге байланысты қосымша шығындарға, оның ішінде қосымша тамақтануға, жұмсақ керек-жарақтарға және заңнамада көзделген басқа да қажеттіліктерге жұмсалады.

Сонымен бірге толық мемлекеттік қамтамасыз етудегі азаматтарды ұстауға арналған негізгі шығындар мемлекеттік бюджет есебінен өтеліп қойған. Осыған байланысты бір шығынды екі рет қаржыландыруға жол бермеу үшін зейнетақы төлемдері мен мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың 70%-ын пайдалану тәртібін өзгерту ұсынылып отыр.

Бұл ретте азаматтың өз қарамағында қалатын қаражат көлемі өзгермейді. Қазіргі тәртіптегідей, тиісті зейнетақы төлемі немесе мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының 30%-ы азаматқа жеке қажетіне жұмсау үшін беріледі.

Қалған 70%-ын мемлекет тарапынан бұрыннан қаржыландырылып отырған шығындарды қайта өтеуге бағыттамау ұсынылады. Үнемделген бюджет қаражаты әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруға, халықты әлеуметтік қорғау жүйесін дамытуға және әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыруға бағытталуы мүмкін.

Маңыздысы, ұсынылып отырған өзгерістер азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік қамтамасыз ету көлемін қысқартуды көздемейді. Азаматтардың тұруы, тамақтануы, күтімі, медициналық көмегі және заңнамада көзделген басқа да әлеуметтік қызметтері белгіленген тәртіппен бұрынғыдай мемлекет есебінен қамтамасыз етіледі. Жаңа тәртіп азаматтың толық мемлекеттік қамтамасыз етуде болған кезеңінде ғана қолданылады.

Азамат арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында тұруын тоқтатқаннан кейін немесе қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінен босатылғаннан кейін жасына байланысты зейнетақы, еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы немесе мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы толық көлемде, яғни 100% мөлшерінде қайта төленеді.

Осылайша, азаматтардың қазіргі тәртіп бойынша өз қарамағында қалатын қаражат үлесі, яғни, тиісті төлемнің 30%-ы сақталады. Негізгі өзгеріс қалған 70%-ын пайдалану тәртібіне қатысты. Бұл бір шығынның екі рет қаржыландырылуына жол бермеуге, мемлекеттік қаражатты тиімді пайдалануға және азаматтардың әлеуметтік кепілдіктерін сақтауға бағытталған.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-lab/press/news/details/1289163?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді