Астанада Қазақстан мен Өзбекстанның бірлескен туристік форумы өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Астанада «Өзбекстан мен Қазақстан: стратегиялық әріптестік және жаңа туристік хабтарды қалыптастыру» тақырыбында туризм форумы өтті.

Іс-шараға екі елдің салалық мемлекеттік органдарының, туристік компанияларының, әуе тасымалдаушыларының, қонақ үй бизнесінің, салалық қауымдастықтары мен бұқаралық ақпарат құралдарының 300-ге жуық өкілі қатысып, екіжақты ынтымақтастықты дамыту және Орталық Азияның бірыңғай туристік өнімін ілгерілету мәселелерін талқылады.

Екі ел арасындағы байланыстарды нығайтуға өзара туристік ағынның тұрақты өсуі негіз болып отыр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанға Өзбекстаннан келген туристер саны шамамен 5,6 млн адамды құрады, ал Өзбекстанға 2,9 млн-ға жуық қазақстандық барған. Көрсеткіштердің өсуіне көлік логистикасының тұрақты кеңеюі және Алматы, Ташкент, Самарқанд, Атырау, Орал, Қостанай және Үргеніш қалалары арасында жаңа әуе рейстерінің ашылуы да ықпал етуде.

Форумның пленарлық отырысын Қазақстан Республикасындағы Өзбекстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Б. Ибрагимов, Қазақстан Республикасының Туризм және спорт вице-министрі М. Төлебаев және Қазақстан Республикасының Көлік вице-министрі Т. Ластаев құттықтау сөздерімен ашты.

Мирас Төлебаев өңірді бірыңғай туристік бағыт ретінде танытудың маңызын атап өтті: «Бүгінде халықаралық турист бір сапар барысында бір елмен ғана шектелмей, тұтас өңірді аралап көруге ұмтылады. Сондықтан Қазақстан мен Өзбекстанды Орталық Азия бойынша біртұтас әрі тартымды саяхат бағытының бір бөлігі ретінде бірлесіп ілгерілету маңызды. Біздің міндетіміз – өз артықшылықтарымызды нақты туристік өнімдерге, қолайлы маршруттарға және әлемдік нарықта танымал әрі бәсекеге қабілетті ұсынысқа айналдыру».

Спикер бірлескен жұмыстың негізгі басымдықтарын да айтты. Олардың қатарында Ұлы Жібек жолы бойымен трансшекаралық туристік маршруттар құру, көлік интеграциясын дамыту, сондай-ақ саяхатшылардың кедергісіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін шекарадан өту және визалық рәсімдерді жеңілдету бар.

Инвестиция, жаңа стандарттар және қонақ үй инфрақұрылымы жобаларына арналған панельдік сессия барысында Kazakh Tourism ҰК АҚ Басқарма төрағасы Талғат Ғазизов Қазақстандағы қонақ үй секторының қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, елде 4,5 мыңнан астам орналастыру орны жұмыс істейтінін айтты. Сондай-ақ жаңа сервистік стандарттарды енгізудің маңызына тоқталды. Екі елдің туристік инфрақұрылымына халықаралық брендтерді тарту бағытындағы жүйелі жұмыстың да маңызы ерекше екені айтылды. Бұл қызмет көрсету сапасын айтарлықтай арттырып, халықаралық қонақтар ағынының өсіп келе жатқан сұранысын қанағаттандыруға мүмкіндік береді.

Форумның іскерлік бағдарламасы мамандандырылған панельдік сессиялармен жалғасты. Қатысушылар Air Astana, Uzbekistan Airways, Centrum Air, FlyArystan және Vietjet Qazaqstan өкілдерімен тікелей әуе рейстерін кеңейту мәселелерін талқылады. Сонымен қатар қонақ үй инфрақұрылымы, зиярат ету, рухани және сауықтыру туризмін дамыту әлеуеті қаралды.

Іс-шара бағдарламасы ұлттық киімдер көрсетілімімен, өңірлердің туристік әлеуетінің таныстырылымдарымен, B2B кездесулерімен және мәдени бағдарламасы бар ресми қабылдаумен толықты. Форум Орталық Азияның әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілетті әрі танымал туристік ұсынысын қалыптастыру жолындағы маңызды практикалық қадам болды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/1289631?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді