
Қазақстанда толық мемлекеттік қамтамасыз етудегі азаматтарды қаржыландыру жүйесін жетілдіру ұсынылып отыр. Өзгерістер бір шығынның екі рет қаржыландырылуына жол бермеуге, бюджет қаражатын тиімді пайдалануға және әлеуметтік кепілдіктерді сақтауға бағытталған.
Қазіргі таңда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында тұратын азаматтардың тұруы, тамақтануы, киім-кешегі, әлеуметтік және медициналық қызметтері мен күтімі заңнамада белгіленген көлемде мемлекет есебінен қамтамасыз етіледі. Бұл тәртіп қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі азаматтарға да қолданылады.
Қолданыстағы тәртіп бойынша зейнетақы мен мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының 30%-ы азаматтың өзіне беріледі, ал 70%-ы орталықтың арнайы шотына аударылып, қосымша тамақтану, жұмсақ керек-жарақтар және басқа қажеттіліктерге жұмсалады.
Алайда толық мемлекеттік қамтамасыз етудегі азаматтарды ұстауға арналған негізгі шығындар бюджеттен өтеліп қойған. Осыған байланысты 70% қаражатты пайдалану тәртібін өзгерту ұсынылып отыр.
❗ Азаматтың өз қарамағында қалатын 30% мөлшер өзгермейді. Сондай-ақ бұл өзгеріс мемлекеттік қамтамасыз ету көлемін қысқартуды көздемейді. Тұру, тамақтану, күтім, медициналық көмек және заңнамада көзделген басқа да қызметтер бұрынғыдай мемлекет есебінен көрсетіледі.
Азамат арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығынан шыққаннан немесе қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінен босатылғаннан кейін зейнетақысы немесе мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақысы 100% көлемінде қайта төленеді.
Осылайша, негізгі өзгеріс – төлемнің 70%-ын пайдалану тәртібіне қатысты. Бұл бюджет қаражатын тиімді пайдалануға және әлеуметтік кепілдіктерді сақтауға бағытталған.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar-enbek/press/news/details/1289575?lang=ru

Жауап қалдыру