2026 жылғы 9 қыркүйекте СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінде Қазақстан халқы тілдері күніне орай семинар өтті.
Іс-шара Департамент басшысының орынбасары С.М. Барменбаевтың төрағалығымен ұйымдастырылды. Семинарға СҚО Тілдерді оқыту орталығы басшысының орынбасары О.С. Жанатов, сондай-ақ Департаменттің қызметкерлері мен оның аумақтық басқармаларының мамандары бейнеконференция байланысы арқылы қатысты.
Семинар барысында мемлекеттік тілді дамыту, мемлекеттік қызметшілердің қазақ тілін меңгеру деңгейін арттыру, сондай-ақ мемлекеттік тілде құжат айналымын жүргізу мәселелері қаралды.
СҚО Тілдерді оқыту орталығы басшысының орынбасары О.С. Жанатов қатысушыларды қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалауға арналған «ҚАЗТЕСТ» жүйесімен, оның негізгі бағыттарымен және мемлекеттік қызметшілердің тілдік құзыреттілігін арттырудағы маңызымен таныстырды. Сонымен қатар мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілді оқыту әдістемесі мен оны меңгерудің ерекшеліктері туралы ақпарат берді.
Ұйымдастыру жұмысы және қызметті талдау бөлімінің бас маманы Ж.С. Қамзенова «Департаментте және оның аумақтық басқармаларында мемлекеттік тілді дамыту және мемлекеттік тілде құжат айналымын жүргізу» тақырыбында баяндама жасады.
Семинар барысында мемлекеттік органның қызметінде мемлекеттік тілді қолдануды одан әрі жетілдірудің, сондай-ақ қызметтік құжаттарды қазақ тілінде ресімдеу талаптарын сақтаудың маңыздылығы атап өтілді.
Осындай іс-шараларды өткізу мемлекеттік қызметшілердің тіл мәдениетін арттыруға және мемлекеттік тілдің мемлекеттік орган қызметіндегі рөлін нығайтуға ықпал етеді.
Жауап қалдыру