
Маңғыстау облысында өңірдің рухани және мәдени мұрасын сақтап, тарихи елді мекендердің бірі ретінде қалыптасқан Шайыр ауылының 100 жылдық мерейтойы аталып өтті.
Маңғыстау ауданында өткен мерейтойлық шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, ауыл тұрғындары, қоғам өкілдері, мәдениет және өнер қайраткерлері, сондай-ақ еліміздің әр өңірінен келген қонақтар қатысты.
Екі күнге жоспарланған мерекелік бағдарлама аясында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, мәдени-спорттық шаралар, республикалық ақындар айтысы, гала-концерт және ауылдың тарихы мен мәдени мұрасына арналған жобалар ұйымдастырылды.
Ауыл тұрғындарын мерейтоймен құттықтаған облыс әкімі Шайырдың тарихи маңызын атап өтіп, елді мекенді дамыту бағытындағы жұмыстарға тоқталды.
«Шайырдың бір ғасыры – тарихтың, еңбектің және ұрпақтар сабақтастығының бір ғасыры. Бұл датаның артында туған ауылын еңбегімен өркендеткен адамдардың тағдыры жатыр. Бүгінгі міндетіміз – осы мұраны сақтап, келер ұрпаққа аманат ету және ауыл тұрғындарына өмір сүруге, дамуға қолайлы жағдай жасау. Шайыр алдағы уақытта да еңбекқор жандарымен, бай дәстүрімен және үлкен мүмкіндіктерімен ерекшелене берсін. Барша шайырлықтарды және осы ауылдан түлеп ұшқан азаматтарды айтулы мерейтоймен шын жүректен құттықтаймын! Ауылымыз өркендеп, әр шаңыраққа бейбітшілік, бақ-береке мен молшылық тілеймін», – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Мерейтой аясындағы маңызды шаралардың бірі – «Жеті Қайқы, Бес Жүйрік» аллеясының ашылуы. Жаңа рухани-мәдени нысан Маңғыстаудың ән, жыр, поэзия және күй өнерінің дамуына үлес қосқан көрнекті тұлғалардың есімін ұлықтауға арналған.
Сондай-ақ «Өнер көші» костюмді шеруі, 100 әйелдің қатысуымен дәстүрлі ұршық иіру өнерінің көрсетілімі, ұлттық спорт жарыстары және Шайырдан шыққан өнерпаздардың мерейтойға арналған шығармашылық бағдарламасы ұйымдастырылды.
Мерекелік шаралар аясында еліміздің әр өңірінен келген сегіз ақынның қатысуымен республикалық айтыс өтіп, алғашқы күн гала-концертпен қорытындыланды.
12 қыркүйекте мерекелік бағдарлама «Шайыр» энциклопедиясының тұсаукесерімен жалғасып, концерттік шаралар, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар және аламан бәйге өтеді. Жарыстар қорытындысы бойынша жеңімпаздар марапатталады.
Шайыр ауылының 100 жылдық мерейтойы елді мекеннің тарихы мен мәдени мұрасын дәріптеп, ұлттық дәстүрлерді ұлықтаған маңызды шара болды.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/1290590?lang=ru

Жауап қалдыру