QyzPU-да алғашқы Студенттік Құрылтай құрылды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

QyzPU-да алғашқы Студенттік Құрылтай құрылды

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде алғашқы «QyzPU Студенттік Құрылтайы – 2026» құрылып, оның 41 мүшесі таныстырылды. Бұл бастама студенттердің ұсыныстары мен бастамаларын қолдауға, жастардың өзекті мәселелерін талқылауға және университеттің қоғамдық өміріне белсенді қатысуына мүмкіндік беретін жаңа диалог алаңын қалыптастыруға бағытталған.

Іс-шара барысында Қазақстан Республикасы Құрылтай депутаттарын сайлау науқанына белсенді қатысқан жастарды марапаттау рәсімі өтті. Жиынға Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Қажденбек қатысып, белсенді жастарға арнайы марапаттарды табыстады.

Сонымен қатар «QyzPU Студенттік Құрылтайы – 2026» құрамының 41 мүшесі таныстырылып, дауыс беру қорытындысы бойынша Филология институтының 1-курс магистранты Ұлдамет Аженова Студенттік Құрылтай төрайымы болып сайланды.

Университеттің Басқарма төрағасы – ректор Бейбіткүл Кәрімова Студенттік Құрылтайдың құрылуы жастардың пікірін ескеріп, студенттік бастамаларды қолдаудың жаңа мүмкіндіктерін қалыптастыратынын атап өтті.

«Студенттік Құрылтай – студенттердің пікірін тыңдап, өзекті мәселелерді ашық талқылауға және нақты бастамаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін маңызды алаң. Бұл құрылым жастардың көшбасшылық қабілетін дамытуға және университеттің қоғамдық өміріне белсенді араласуына жол ашады», – деді Бейбіткүл Кәрімова.

Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Қажденбек Қыздар университетінде Студенттік Құрылтайдың алғаш рет құрылуын маңызды бастама ретінде атап өтті.

«Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Студенттік Құрылтайдың құрылуы – студенттік өзін-өзі басқаруды дамытуға бағытталған маңызды қадам. Жаңа құрам студенттердің көкейкесті мәселелерін жан-жақты қарастырып, нәтижелі жұмыс жүргізеді деп сенемін», – деді Азиз Қажденбек.

Студенттік Құрылтай құрамында білім беру және академиялық сапа, ғылым, цифрландыру, экология, мәдениет, әлеуметтік мәселелер және инклюзия, кәсіпкерлік, құқықтық сауаттылық, халықаралық ынтымақтастық бағыттары бойынша 8 комитет жұмыс істейді.

Студенттік Құрылтай өз қызметінде университеттің «Парасат мектебі» тұжырымдамасын басшылыққа алып, Қазақстан Студенттерінің Альянсы және Студенттік омбудсмен институтымен өзара ынтымақтастық орнатады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sci/press/news/details/1290654?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді