Сіздерді Отбасы күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз құттықтауында: «Отбасы – ұлттың бірегей болмысын айқындайтын және мемлекет пен қоғамның дамуына тікелей ықпал ететін айрықша маңызды институт», – деп атап өтті.
Шын мәнінде, отбасы – әр адамның дүниетанымы мен адами қасиеттері қалыптасатын қасиетті шаңырақ. Ана жүрегінің жылуы, әкенің өнегесі, үлкендердің ақылы мен батасы – ұрпақ тәрбиесінің берік негізі.
Қазақ халқы ежелден отбасы құндылықтарын, үлкенге құрмет пен кішіге ізетті, бала тәрбиесін басты орынға қойған. Салт-дәстүріміз бен ұлттық құндылықтарымыздың ұрпақтан ұрпаққа жалғасуы да отбасындағы тәлім-тәрбиеден басталады.
Мемлекет басшысы атап өткендей, әр шаңырақтың бақытты өмір сүруі – Әділетті Қазақстанды құру жолындағы маңызды мақсаттардың бірі. Осы ретте бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарау, жас ұрпақтың жан-жақты дамуына жағдай жасау – баршамызға ортақ міндет.
Осы айтулы күні әр отбасына зор денсаулық, бақ-береке, ынтымақ пен татулық тілеймін. Әр шаңырақта ата-ананың мерейі үстем болып, балалардың күлкісі мен қуанышы үзілмесін!
Шаңырақтарыңыз биік, керегелеріңіз кең, босағаларыңыз берік болсын!
Жауап қалдыру