
Қаражал қаласындағы №1 тірек мектебінде өскелең ұрпақтың бойына тәртіп, жауапкершілік пен отансүйгіштік қасиеттерді сіңіруге бағытталған “Жас сақшы” полиция сыныбы ашылды. Игі бастама Қаражал қалалық полиция бөлімі мен Қаражал қалалық білім бөлімінің бірлесуімен жүзеге асырылды. Жаңа полиция кабинетіне ішкі істер органдарының ардагері, әділет генерал-майоры Рүстем Қайдаровтың есімі берілді. Бұл – ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында ұзақ жылдар еңбек еткен ардагердің өнегелі жолына көрсетілген құрмет. Салтанатты шара барысында оқушылар “Жас сақшы” қатарына қабылданып, сап түзеп, тәртіпті сақтауға, заңды құрметтеуге, қауіпсіздік талаптарын орындауға және айналасына үлгі болуға салтанатты түрде уәде берді. Шараға Ұлытау облысы ПД бастығы Бауыржан Сапар, Қаражал қаласының әкімі Айқын Елеусізов, ішкі істер органдарының ардагерлері, ұстаздар мен оқушылар қатысты. Ұлытау облысы ПД бастығы Бауыржан Сапар жас ұрпақ тәрбиесіндегі мұндай бастамалардың маңызына тоқталды.
– “Жас сақшы” сыныбы – балалардың құқықтық сауатын арттырып қана қоймай, олардың бойында тәртіпке, жауапкершілікке және Отанға деген сүйіспеншілікке деген дұрыс көзқарасты қалыптастыратын маңызды орта. Бүгінгі оқушы – ертеңгі ел азаматы. Сондықтан олардың заңды құрметтеп, өз қауіпсіздігі мен айналасындағылардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауы өте маңызды. Ал осы сыныпқа Рүстем Есімханұлы Қайдаровтың есімінің берілуі – жас ұрпаққа аға буынның өнегелі жолын үлгі етудің жарқын көрінісі, – деді Бауыржан Сапар.
“Жас сақшы” сыныбында оқушылар полиция қызметінің бағыттарымен танысып, құқықтық білімдерін жетілдіреді. Сонымен қатар саптық және дене дайындығына қатысып, қауіпсіздік ережелерін үйренеді. Мұндай сыныптар балалардың құқықтық мәдениетін қалыптастырып, полиция мен жас ұрпақ арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-ulytau/press/news/details/1290992?lang=ru

Жауап қалдыру