
Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен өңірдегі креативті индустрия өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында креаторлар өз жобаларын таныстырып, оларды жүзеге асыру кезінде туындайтын мәселелерді атап өтті, сондай-ақ саланы одан әрі дамытуға қатысты ұсыныстарын білдірді.
Өңір басшысы Ұлытаудың ерекшелігін айшықтап, оның бірегей брендтік келбетін қалыптастыратын өнімдер шығарумен қатар, оларды заманауи талаптарға сай сапалы, тартымды түрде таныстырудың, яғни өнімнің безендірілуі мен қаптамасына мән берудің маңыздылығын атап өтті.
Сондай-ақ өңір басшысы дуальды оқыту жүйесі арқылы жергілікті кәсіпкерлер мен колледждер арасындағы өзара байланысты нығайту мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Бұл жас мамандардың практикалық дағдыларын қалыптастырып, өңірдегі шығармашылық және өндірістік бағыттарда сұранысқа ие кадрларды даярлауға мүмкіндік береді.
«Креативті индустрияның негізгі мақсаттарының бірі – өңір экономикасын әртараптандыру. Оның туризмді дамытудағы рөлі де ерекше. Жергілікті кәсіпкерлердің еңбегі арқылы біз өңірге туристерді тартып қана қоймай, оларға Ұлытау туралы естелікке айналатын бірегей өнімдер ұсынуымыз қажет. Бұл өз кезегінде облыс экономикасының өсуіне ықпал етеді.
Мен үшін маңызды мәселелердің бірі – жергілікті креативті өнімдердің облыс аумағымен ғана шектеліп қалмауы. Біз «Ұлытауда жасалған» брендін қалыптастырып, оны бірге дамытуымыз қажет. Бұл бағыттағы бастамаларды қолдауға дайынбыз», – деді облыс әкімі Есет Байкен.
Бүгінде Ұлытау облысында креативті индустрияның түрлі бағыттарында жұмыс істейтін 300-ге жуық кәсіпкер бар. Олар қолөнер, дизайн, шығармашылық өндіріс және басқа да бағыттармен айналысады. Сонымен қатар тұрақты түрде көрмелер мен жәрмеңкелерге қатысып келеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ulytau/press/news/details/1291696?lang=ru

Жауап қалдыру