
Отбасылық құндылықтар – қорғауда: Қарағандыда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алудың жаңа тәсілдері талқыланды. Отбасы күні қарсаңында Қарағанды облысы Полиция департаментінің жанындағы Отбасына көмек көрсету бірыңғай орталығында отбасы институтын нығайту және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың және азаматтық қоғамның өкілдері қатысты. Кездесуді Қарағанды облысы ПД бастығының орынбасары Жасқайрат Қайыров өткізіп, әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту мәселелерін ортаға салды. Кездесу барысында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытындағы полиция жұмысының жаңа тәсілдері таныстырылды. Жасқайрат Қайыровтың айтуынша, құқық бұзушылықтың салдарымен күресумен қатар, оның алдын алуға және жанжалдың қайталануына жол бермеуге басымдық берілуде. Биыл отбасылық-тұрмыстық салада құқық бұзушылық жасаған 12 азамат Отбасына көмек көрсету бірыңғай орталығында психолог мамандардың көмегімен түзету курсынан ерікті түрде өтті. Мұндай жұмыс азаматтардың өз әрекеттеріне жауапкершілікпен қарауына және отбасындағы жанжалдардың алдын алуға бағытталған. Іс-шара барысында қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының міндетін атқарушы Рустам Сергазинов, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Ирина Киселева және ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Құралай Карина баяндама жасап, саладағы өзекті мәселелерге тоқталды. Құралай Карина отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуда үкіметтік емес ұйымдардың рөліне ерекше назар аударды.
«Үкіметтік емес ұйымдар бұл бағыттағы жұмыста маңызды рөл атқарады. Олар азаматтармен тікелей жұмыс істеп, психологиялық, құқықтық және әлеуметтік көмек көрсетеді. Әсіресе зорлық-зомбылықтан зардап шеккен адамдарға қажетті қолдау көрсетіп, қиын жағдайдан шығуына көмектеседі. Сондықтан мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың бірлескен жұмысы зорлық-зомбылықтың алдын алуда аса маңызды. Біз қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларды дер кезінде анықтап, оларға қажетті көмекті уақытылы көрсетуіміз керек», – деді Құралай Карина. Дөңгелек үстел барысында мемлекеттік органдардың құзыретін нақтылау, құқық бұзушылықтарға ықпал ететін себептерді анықтау және олардың алдын алу бойынша бірлескен жұмысты жетілдіру мәселелері талқыланды. Кездесудің ерекше әсерлі сәттерінің бірі – өмірлік қиындықты еңсерген Елена Сивелкованың сөзі болды. Ол өз басынан өткен жағдайды айтып, көрсетілген психологиялық және әлеуметтік көмектің қиын кезеңнен өтуіне сеп болғанын жеткізді. Оның оқиғасы жан-жақты қолдаудың зорлық-зомбылықтан зардап шеккен адамдар үшін маңызын көрсетті. Іс-шара соңында отбасы құндылықтарын насихаттау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытында белсенді ақпараттық қолдау көрсетіп жүрген блогерлер мен журналистерге алғыс хаттар табысталды. Жасқайрат Қайыров атап өткендей, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу – тек полицияның ғана емес, қоғамның барлық институттарының ортақ міндеті. Сондықтан мұндай мәселелерді бірлесіп шешу, қауіп-қатерді ерте кезеңде анықтау және азаматтарға уақытылы көмек көрсету – қауіпсіз әрі берік отбасы қалыптастырудың маңызды шарттарының бірі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-karaganda/press/news/details/1292283?lang=ru

Жауап қалдыру