
Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында дропперлікке байланысты 200-ге жуық қылмыстық іс тіркелді. Интернет-алаяқтықтың әрбір дерегінде дропперлерден тұратын тізбек бар. Олар – кибералаяқтар жәбірленушілердің ақшасын банк карталары арқылы елден шығару үшін пайдаланатын адамдар. Жекелеген эпизодтарда мұндай тізбектегі дропперлердің саны 15 адамға дейін жетеді.
Кәмелетке толмағандарды қылмыстық схемаларға тарту ерекше қауіп төндіреді. Мұндай жағдайлардың алдын алу мақсатында полицейлер бірыңғай профилактика күні аясында ауқымды акция өткізді.
Полицияның түрлі бөлімшелерінің қызметкерлері прокуратура өкілдерімен және қала әкімдігінің Жастар ресурстық орталығының волонтерлерімен бірлесіп, оқушылармен кездесу өткізу үшін мектептер мен колледждерге барды. Олар акт залдары мен сыныптарда жадынамалар таратып, “оңай ақшаның” қандай қауіп төндіретінін түсіндірді.
Кейбір жоғары сынып оқушылары мен студенттер дропперлік үшін қылмыстық жауапкершілік көзделгенін алғаш рет білді. Өзге адамдарға сыйақы үшін банк карталарын рәсімдеу, өз шоттары арқылы үшінші тұлғаларға белгілі бір сомаларды пайызға аудару қылмыс болуы мүмкін.
Заңда мұндай әрекеттер үшін ірі мөлшердегі айыппұлдан бастап 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Сонымен қатар заңда белгіленген негіздер болған жағдайда азаматтық сот дропперді алаяқтықтан жәбірленушіге келтірілген залалды өтеуге міндеттей алады.
Солтүстік Қазақстан облысында әр айдың 15-і – бірыңғай профилактика күні. Бұл күні облыс әкімдігі әзірлеген жоспарға сәйкес барлық мүдделі мемлекеттік органдар халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға және интернет-алаяқтықтың алдын алуға бағытталған ауқымды іс-шараларға қатысады. 8 айдың қорытындысы бойынша облыста осы санаттағы қылмыстар саны 23%-дан астамға төмендеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/1292678?lang=ru

Жауап қалдыру