Бұған дейін хабарланғандай, елдегі қылмыс деңгейі төмендеп келеді. Бұл, соның ішінде қылмыстық процестерді цифрландыру арқылы құқық бұзушылықтардың алдын алудың жаңа әрі түбегейлі тәсілдерін енгізудің нәтижесі.
Осындай құралдардың бірі – Бас прокуратура әзірлеген «Цифрлық қадағалау» жүйесі. Ол 80-нен астам мемлекеттік ақпараттық базаның мәліметтерін біріктіріп, пробациялық бақылаудағы сотталғандардың белгіленген шектеулерді сақтауын бақылауға, олардың бұзылуын уақтылы анықтауға және қайталама қылмыстардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Тек биылдың өзінде осындай тәсілмен 11 мыңға жуық бұзушылық анықталды. Кінәлі адамдарға қатысты шаралар қабылдау жаңа қылмыстардың алдын алуға ықпал етті.
Бұл ретте біздің міндетіміз тек бақылаумен шектелмейді. Жүйенің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «FSM Social» дерекқорымен интеграциялануы сотталғандардың қажеттіліктерін анықтауға және оларды жұмысқа орналастыруға, әлеуметтік төлемдер, медициналық және өзге де көмек алуына жедел жәрдемдесуге мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде 5 мыңға жуық осындай қызмет көрсетілді.
Бұл жұмыстың нәтижесі статистикалық көрсеткіштерден де байқалады: осы санаттағы сотталғандар арасындағы қайталама қылмыс деңгейі екі жыл ішінде үш есеге жуық төмендеді – 2024 жылғы 1,4 мың фактіден 2025 жылы 1 мыңға, ал биыл 492-ге дейін.
Цифрлық шешімдерді тыйым салынған және тәркіленген мүлікті бақылау саласына да енгізудеміз. Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде «Тыйым салынған және тәркіленген мүліктің досьесі» іске қосылды. Ол әрбір активтің оған тыйым салынған сәттен бастап өткізілгенге дейінгі қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді. Объектіге бірегей ID беріледі, ал оның бүкіл тарихы бірыңғай цифрлық бейінде қалыптастырылады.
Бұған дейін тыйым салынған және тәркіленген мүлік туралы мәліметтерді әртүрлі ведомстволар мен әкімдіктер жеке-жеке жүргізіп келген, бұл олардың ашықтығын айтарлықтай шектейтін.
Жүйе тергеушіге банктік шоттар, жылжымайтын мүлік және автокөлік туралы мәліметтерді автоматты түрде алуға мүмкіндік береді, содан кейін бұл мәліметтерді процестік құжаттарға автоматты түрде енгізеді.
Алдағы уақытта «Досьені» Жоғарғы Соттың ақпараттық жүйесімен біріктіру жоспарлануда. Бұл мүлікке тыйым салу туралы материалдарды қарау процесін автоматтандыруға және судьялардың жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.
Жаңа модульді енгізу есепке алудың ашықтығын арттырады, рәсімдердің мерзімдерін қысқартады және активтерді неғұрлым тиімді қайтару арқылы мемлекетке келтірілген залалды өтеуге мүмкіндік береді.
Бұл жобалардың мақсаты әртүрлі болғанымен, олардың логикасы ортақ: мемлекет осы процестердің ашықтығын қамтамасыз ете отырып, белгіленген шектеулердің сақталуын бақылауды күшейтеді, сотталғандардың заңға мойынсұнған өмірге оралуына жағдай жасайды және тыйым салынған әрі тәркіленген қылмыстық активтердің сақталуына кепілдік береді.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/prokuror/press/news/details/1292701?lang=ru

Жауап қалдыру