Ақтөбе облысында құны $100 млн құрайтын жаңа жел электр станциясы салынады

Жарияланды:

Автор:

категорияда

 

Облыс әкімі Асхат Шахаров Eni Plenitude SpA компаниясының жаңартылатын энергетика бағытының басшысы Алессандро Делла Зоппамен кездесті. Кездесу барысында Ақтөбе облысында жаңартылатын энергетика саласындағы жаңа жоба — «Бадамша-3» жел электр станциясын іске асыру перспективалары талқыланды.

Жоба Eni Plenitude компаниясының Ақтөбе облысындағы қызметінің жалғасы болмақ. Компания өңірде бұған дейін «Бадамша-1» және «Бадамша-2» жел энергетикасы жобаларын іске асырған. Әр станцияның белгіленген қуаты 48 МВт, жалпы қуаты — 96 МВт. «Бадамша-1» 2020 жылы, ал «Бадамша-2» 2021 жылғы қыркүйекте коммерциялық пайдалануға берілді.

Бадамша-3 белгіленген қуаты 100 МВт құрайтын жел электр станциясын салуды көздейді. Жобаға салынатын инвестиция көлемі 100 млн АҚШ долларын құрайды. Құрылыс кезеңінде шамамен 30 адамды жұмыспен қамту жоспарланса, нысан пайдалануға берілгеннен кейін 150 тұрақты жұмыс орны құрылады.

Бүгінде жобаға қажетті ауданы 1 мың гектар жер учаскесі берілді. Қазіргі уақытта нысанда ішкі дайындық жұмыстары жүргізілуде.

Кездесу барысында жобаны іске асырудың алдағы кезеңдері, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл, қажетті инфрақұрылымды дамыту және жобаны белгіленген мерзімде жүзеге асыруға жағдай жасау мәселелері қаралды. Жоба бойынша түпкілікті инвестициялық шешімді алдағы айларда қабылдау күтілуде. Құрылысты 2027 жылы бастау, ал жел электр станциясын 2028 жылы пайдалануға беру жоспарланған.

«Ақтөбе облысы жаңартылатын энергетиканы одан әрі дамытуға және осы салаға жаңа инвестициялық жобаларды тартуға мүдделі. Компанияның өңірімізде жел энергетикасы жобаларын іске асыру бойынша табысты тәжірибесі бар. Бұл ынтымақтастықты жалғастыруға жақсы негіз қалыптастырады. Біз үшін жаңа жобаны жүзеге асыруға қажетті жағдайларды қамтамасыз етіп, барлық мүдделі тараптардың тиімді өзара іс-қимылын жолға қою маңызды. Қолданыстағы заңнама аясында инвесторға қажетті қолдау көрсетуге дайынбыз. Сонымен қатар жобаның іске асырылуы өңірдің энергетикалық инфрақұрылымын одан әрі дамытуға және жергілікті қоғамдастық үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға ықпал етеді деп сенеміз», — деді Асхат Шахаров.

«Қазіргі уақытта біз әлемнің түрлі елдеріндегі электр станцияларымызда аккумуляторлық батареялар негізіндегі энергия жинақтау жүйелерін енгізіп жатырмыз. Бұл өндірілген энергияны жинақтап, оны сұраныс жоғары кезеңдерде электр желісіне беруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар Қазақстандағы болашақ жобаларда осындай жүйелерді қолдану мүмкіндіктерін қарастырып жатырмыз», — деді Eni Plenitude SpA компаниясының жаңартылатын энергетика бағытының басшысы Алессандро Делла Зоппа.

Өз кезегінде инвестор компанияның Ақтөбе облысымен ұзақ мерзімді ынтымақтастықты жалғастыруға және жаңартылатын энергетика саласында жаңа жобаларды іске асыруға мүдделі екенін жеткізді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1292770?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді