ТІЛ – ҰЛТТЫҢ РУХАНИ ҚАЗЫНАСЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Мемлекеттік тіл – ел бірлігінің берік негізі, ұлттық болмыстың айнасы.

Абай облысы Полиция департаментінің қызметкерлері арасында «Тіл – ұлттың рухани қазынасы» атты Тіл күніне арналған қазақ тілі сайысы ұйымдастырылды

Тағылымы мол танымдық шараның басты мақсаты – мемлекеттік тілді қызмет барысында кеңінен қолдануға ынталандыру, қазақ тіліне деген құрметті арттыру, қызметкерлердің тілдік сауаттылығы мен шешендік қабілетін шыңдау, ой ұшқырлығы мен тапқырлығын дамыту, сондай-ақ ұлттық құндылықтарды дәріптеп, ұжымдық бірлікті нығайту.

Сайыс барысында полиция қызметкерлері мемлекеттік тілден білімдерін саралап қана қоймай, сөз өнері мен салт-дәстүрді, ұлттық таным мен кәсіби шеберлікті ұштастыра білді. Қатысушылар бірнеше кезең бойынша бақ сынап, қазақ тілінің грамматикасы мен лексикасына қатысты сұрақтарға жауап берді, мақал-мәтелдерді жалғастырып, берілген тақырыптар бойынша өз ойларын ортаға салды. Сонымен қатар полиция қызметіне қатысты кәсіби терминдерді мемлекеттік тілде дұрыс әрі орынды қолдану шеберлігі сынға түсті.

Шараның мазмұнын балалардың өнері де айшықтай түсті. Іс-шараға Абай облысы ПД Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасынык аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі полиция подполковнигі Айдарова Әлия Айдарқызының ұлы Ғабитхан Досымұлы мен қызы Дария Досымқызы қатысып, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының жыр жолдарын нақышына келтіре оқып, көпшілікке ерекше әсер сыйлады.

Жас ұрпақтың ана тіліне деген құрметін өнер арқылы танытуы – шараның тәрбиелік мәнін арттыра түсті. Өнерлі балаларға естелік әрі бағалы сыйлықтар табысталды.

Сайыс қорытындысында білімін, тапқырлығын және шешендік қабілетін жоғары деңгейде көрсеткен қатысушылар арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ал Тіл апталығы аясындағы іс-шараларға белсенді атсалысқан қызметкерлерге Алғыс грамоталары табысталды.

Тіл – жай ғана қарым-қатынас құралы емес, ол – ұлттың жады, рухы мен болмысы. Мемлекеттік тілді қызметте дәріптеу – елге қызмет етудің маңызды көріністерінің бірі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-abay/press/news/details/1292826?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді